Қазақстанда жол апатына түскен адамдарға міндетті сақтандыру төлемі берілуге тиіс. Бұл – заң талабы. Алайда қазақстандықтардың көбісі оны білмейді. Ал жол апатына түскен жағдайда "бәрі осымен кетсін" деп, дәрі-дәрмекті де, оңалту шараларын өз қалтасынан төлеп жүре береді. Полиция осы салада делдалдардың бар екенін ескертті. Олар сақтандыру төлемін алуға көмектесеміз деп, өз қызметі үшін өтемақының жартысынан көбін алып қояды. Бірақ сақтандыру төлемін ешбір делдалсыз-ақ рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
6 миллионға дейінгі төлем қарастырылған
Осыдан 20 жыл бұрын "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру" заңы қабылданған болатын. Оған сәйкес, сақтандыру компаниялары жол апатынан зардап шеккен азаматтарға міндетті төлем беруге тиіс. Әрбір төлем жарақат алу деңгейіне қарай рәсімделеді. Олар:
III топтағы мүгедектік – 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 590 000 теңге;
II-топтағы мүгедектік – 1 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 816 000 теңге.
I топтағы мүгедектік – 1 600 айлық есептік көрсеткіш, яғни 5 088 000 теңге;
бала мүгедек болғанда жағдайда 1 000 АЕК, яғни, 3 180 000 теңге;
асыраушысынан айырылуына байланысты 2 000 айлық есептік көрсеткіш, 6 360 000 теңге.
Заң бойынша амбулаториялық және стационарлық емдеуге жұмсалған шығындар да өтеледі. Бірақ шекті көлемі 300 айлық есептік көрсеткіштен (954 000 теңгеден) аспайды. Бұдан бөлек, жәбiрленушiнiң мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн 600 АЕК-ке (1 908 000 теңгеге) дейін өтемақы қарастырылған. Ал жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда негізгі өтемақыдан бөлек, жерлеуге кеткен шығындар да төленеді. Оның мөлшері 100 айлық есептiк көрсеткiшті – 318 000 теңгені құрайды.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында келесі жылы айлық есептік көрсеткішті 3 450 теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Демек сақтандыру төлемдері тағы өседі.
Полиция ескертеді
Бүгінде кейбір пысықайлар жол апатынан кейін берілетін сақтандыру төлемдерін жеке бизнесіне айналдырып алған. Өтемақы алып беремін деп, өз қызметі үшін ақы сұрайды. Ал оның көлемі кей кезде өтемақының жартысынан асып кетеді. Қайғыдан қан жұтқан отбасылар ақшаны ойламаса да, үйдің шығындарын жабуға тырысады. Содан делалдардың қызметіне келісе салады.
Ішкі істер министрлігі сақтандыру төлемдерін ешбір делдалсыз алуға болатынын ескертті.
"Жол апаты болған жағдайда әр зардап шегуші сақтандыру компаниясына ешқандай делдалсыз өздері жүгінуі қажет. Сақтандыру компаниясына қажетті құжаттардың барлығын қылмыстық қудалау органы ұсынады. Мұндай компаниялар қызметі үшін ешқанай төлем алмайды", - дейді министрлік мамандары.
Ал сақтандыру компаниясы міндетті төлемдерді уақытылы төлемеген жағдайда немесе төлеуден бас тартса, заң бойынша сотқа шағымдануға болады.