Саран еріктілері қаланың қарт және жалғызбасты тұрғындарына аула аумақтарын қардан тазартуға көмектесуде,- деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Қар мен боран коммуналдық қызметтерге ғана емес, қала тұрғындарына да қиындық туғызуда. Жалғызбасты қариялардың үйлері омбы қардың астында қалып қояды. Олар өз күшімен ақ ұлпаны тазартуға шамасы жетпейді. Мұндай жағдайда оларға Саран қаласының еріктілері көмектеседі.
– Бұл жыл сайынғы акция. Егде жастағы адамдар көбінесе ауласын тазалап, қарды шығара алмайды. Біз оларға көмектесеміз, – дейді Саран жастар ресурстық орталығының еріктісі Дидар Нықаш. – Кеше біз 10 тұрғынның ауласын қардан тазарттық. Олардың арасында жалғызбасты қариялар да бар, олардың көпшілігі 70-тен асқан ата мен әжейлер. Бүгін де біз көмек көрсетуді жалғастырамыз.
85 жастағы Лидия Лукшина біраз жылдан бері жеке үйде жалғыз тұрады. Оның ауласындағы қарды еріктілер тазартып берді.
– Мен өте ризамын. Менің ауламды жиі қар басып кетеді, кейде тіпті жертөледен картоп алып келуге немесе дүкенге шыға алмай қаламын. Еріктілердің арқасында менің аулам тазазарып, сыртқа алаңсыз шыға аламын, – дейді Лидия Лукшина.
Аулаларды қардан тазарту акциясына барлығы 20-дан астам еріктілер қатысады. Олардың көпшілігі үнемі Саран тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге көмектеседі.