BANNER

Бағдаршамның жасыл түсі жанды деп жолға жүгіріп шығуға болмайды – жаңа ереже

news.myseldon.com

Батыста бұрыннан қолданыста бар тәжірибені енді ішкі істер министрлігі елге енгізбекші.

Ішкі істер министрлігі жаяу жүргіншілерге арналған жаңа ереженің жай-жапсарын түсіндірді. Қазір ашық талқылаудағы өзгерістер қабылданса, онда көшеден өтуді шектейтін норма қарастырылады.

Жақында талқыға түскен жаңа ереженің жайы былай: енді бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде екі жақтан да көлік тоқтағанына көз жеткізбейінше, жүруге рұқсат жоқ. Ең болмаса сарыға үлгерем деп зуылдап келе жатқан көліктің іркілмей өтіп кетуіне басымдық беріледі. Яғни жаңа ереже қабылданса, жасыл жанды екен деп жаяу жүргіншілердің бірден адымдап кетуі тыйылады, деп хабарлады КТК.

Соңғы жылдары жаяу жүргіншілер зардап шеккен апат жиілепті. Бұл өзгеріс сол статистиканы жақсартуға септігін тигізе ме деген үміт бар.

"Бағдаршамның рұқсат беру сигналы жанған уақытта жаяу жүргінші өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Себебі көп жағдайда жаяу жүргінші бағдаршамның белгіленген жасыл түсі жанған уақытта жан-жағына қарамай жолға шығып кетеді. Ол уақытта қозғалысты бұрын бастаған көлік құралдары маневрды аяқтағанына көз жеткізбестен жолға шығады. Сол себептен біз осы тармаққа түзетулер енгізіп отырмыз", - деп түсіндірді ІІМ ӘПК аға инспекторы Таңат Асылжанов.

Жол қозғалысына түзету енгізу былтыр қараша айында басталған. Өкілетті органдар бұл ереженің егжей-тегжейін әлі пысықтап жатыр. Дегенмен кейбір сарапшы "бұл піспеген, шикі заң жобасы" деген пікірде.

"Бұл жаңа заң жобасымен адамдарды шатастырамыз. Не істерін білмей қалады. Ал жүргізушілердің, былайша айтқанда, құзіреті кеңейеді. Ешкімді өткізбесем болады деген оймен көлігін жүргізеді. Ең басты мәселе — осы заң жобасын жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қалай жеткіземіз? Қиын ереже. Ал оны қалай қадағалаймыз? Полицияның басқа да шаруасы жетіп жатыр ғой", - дейді автосарапшы Алексей Алексеев.

Ішкі істер министрлігі түзетулердің әлі қабылданбағанын, қоғамдық талқылауда шешім қабылданатынын жеткізді. Жаңа ереже бағдаршамы бар жерге қатысты. Дей тұрғанмен қадағаланбайтын жүргіншілер жолағынан өткенде де абай болған абзал.