Қарағандыда белгілі қаламгер Төрехан Майбастың 70 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Мерейтой аясында «Ең алдымен сөз болған…» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Кеш барысында жазушының өмір жолы жайлы сыр шертіліп, шығармалары сахналанды. Туған жері Шет ауданының өнерпаздары арнайы келіп, концерттік бағдарлама ұсынды.
Әдебиет кешіне республиканың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған меймандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Өздерімен бірге құттықтау хаттары мен сый-сыяпаттарын да ала келді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді:
«Құрметті Төрехан Әкімжанұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңізді көпшілік қарымды қаламгер, дарынды публицист ретінде жақсы біледі, құрметтейді. Халық мұрасынан нәр алып, рухани құндылықтарымызды арқау еткен мазмұнды туындыларыңыз ойлы оқырмандар тарапынан жоғары бағаланады. Журналистика саласына ерең еңбек сіңіріп, бірнеше буын ізбасар шәкірттер тәрбиеледіңіз. Өлке тарихын зерделеп, ұлттық этнографияға сүбелі үлес қосып келесіз. Сіздің шығармашылығыңыз тарихымыздың қалтарыста қалған ақтаңдақ беттерін жас ұрпақ санасында жаңғыртуда үлкен рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық ізденістер жемісті болып, ізгі бастамаларыңыз жүзеге аса беруіне тілектестік білдіремін »,- делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты табысталды.
«Төрехан Майбас ағамыздың 70 жас мерейтойы құтты болсын! Ағамызға ұзақ ғұмыр, тұғыр тілеймін. Кеш керемет өтіп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар жиналды. Мерейтойды ұйымдастырып жатқан облыс әкімдігіне және шараны ұйымдастыруға көмектесіп жүрген азаматтарға Жазушылар Одағының атынан алғыс айтамын!»,- деді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ.