Наурыз мейрамын мерекелеу онкүндігінің аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтағы мүшелері перинаталдық орталықтарға барып, жас аналарға сыйлықтар табыс етті.
Шара ұйымдастырушылары облыстық клиникалық аурухананың №1, №2 перинаталдық орталықтарында, аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталыққа барды. Әр орталықтан жас босанған аналарды құттықтады. «Наурыз-базарлық» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің атынан төртінші, алтыншы рет ана атанған нәзік жандарға естелік сыйлықтар мен гүл ұсынды.
Зәмзагүл Сағынаева алтыншы баласын жақында босанған. Көпбалалы ана алғыс айтты.
– Наурыз айы барлық қазақстандықтар үшін маңызды деп ойлаймын. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тамаша сыйлық болды, – дейді ол.
Виталий Хмелевский Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы «Отбасы құндылығы – барлығымыз үшін қастерлі», – дейді.
– Ол – қоғамның іргетасы. Келе жатқан мереке құтты болсын! Әр шаңыраққа жақсылық, береке тілеймін. Балаларымыз Қазақстан Республикасының айбынды, дені сау, ақылды азаматы болып өссін, – деді Виталий Альбертович.