С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының үлкен сахнасында ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтың 125 және Қарағанды қаласының торқалы 90 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық жас ақындар айтысы шаһар халқы мен мейманын дүбірге бөледі. Мақсұды – халықтың жауһар мұрасын әдіптеп, ел тұлғалары мен шежірелі шаһардың тағылым тарихын жыр жолдарымен паш ету. Өңірдегі жас жүйріктердің аяқ алысын бағамдау.
Жыл сайынғы игі дәстүрге айналып кеткен бұл жыр додасына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жан-жақты қолдау білдірді. Ал, ұйымдастыру міндетін облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы мен «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі атқарды.
Атаулы сөз сайысына елге кеңінен танылып үлгерген Арқа өңірінің әр тарабынан келген Нұрмұхаммед Байсүгіров, Мұхтар Әділов, Доскей Ботбай, Еркеғали Бекболат, Нұрсұлтан Ырымбай, Думан Саматұлы, Төрехан Сәбет, Нұрлыбек Төкен, Ерғали Әлихан, Жанарыс Тілеубек, Бекарыс Оспанов, Қайрат Рысмағанбет, Сырым Нығызбаев, Жандос Бақытұлы бастаған 14 ақын шықты сахнаға. Қазылар алқасының құрамында ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, қазақ ән өнерінің дүлдүлі, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын, ғалым-ұстаз Саржан Такиров, көрнекті публицист, облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек, ақтангер ақын, жыршы-жырау Дидар Қамиев сынды ел жақсылары енді.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын залға жиылған жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. – Кезіндегі кеңес заманында біраз дүниемізден қол үздік. Уағында еркімізді алса да, еңсеміз түскен жоқ! Еншімізді алса да, Егемендігімізді жоғалтқан жоқпыз. Өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз қайта тірілді. Осындай асыл қазынамыздың бірі – осы айтыс өнері. Құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Өзбекәлі Жәнібековтей арыс азаматымыздың қайраткерлігінің арқасында Наурыз өз деңгейінде тойлана бастады. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған терең мағына үстеді. Биыл әз Наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыстың жақындайтын, араздың татуласатын ерек күндері бұл. Жалпыхалықтық сипатқа ие болып жатқан тағылымы терең, дәстүрі дестелі Ұлт мерекесі баянды болсын! Ақындар алқынбасын! – деп серпіле сөйледі Ерлан Бейсембайұлы.
Айтулы жыр мерекесіне Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет», «Парасат», Ресейдің «Достық», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» ордендері мен медальдарының иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, профессор Дүйсен Қасейінов Түркиядан арнайы ат басын тіреді. – Айтыстан күтеріміз көп. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудың төріндегі Ұлттық Құрылтайда бірқатар келелі мәселелер мен бастамаларды алға тартты. Тиісінше тапсырма берді. Ақындар бұл елдік өзекті дүниелерді өзінше тәпсірлейді деген сенімдемін, – деді айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты, айтыс тізгіншісі, әдебиетші ғалым, «Арқа» ақындар мен жыршы-жыраулар мектебінің басшысы Айтбай Жұмағұл. Ақтаңдай ақындар ел бірлігі, Ұлыстың ұлы күні, қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды жырға қосып, көрермен жұртты әз Наурызда татулық пен тұтастыққа үндеді. Әлемге аты мәшһүр ғалым Қ.Сәтбаев есімін ұлықтады. Шалқар шабытын шартарапқа сөз ғып төккен жыр жайнақтары «Қазақтың туған күні қашан десең, Қаныштың туған күнін айтар едім!», «Асулардан асуларға, ғасырлардан ғасырларға, жасай бер, Қарағанды!», «Рамазан – қу нәпсіні жеңетін ай» деген оқшау ойлар айта білді, орынды мәселе көтере алды. Жас шайырлар аузымен құс тістеп, от бүркіп, тағылымды тіркес пен көрерменіне көркем көңіл күй сыйлады.
Қасиетті Рамазан айымен қатар келген Ұлыстың ұлы күнінде ақындар нәр татпай өнер көрсетті. Наурыз айтыс біздерді өсірді ғой, Көз салсам балғын бала кездеріме. «Менің халқым менен де биік» деген, Қаныштың ой жүгіртсек сөздеріне! Уа, халқым мен де сенен төмен тұрам, Жұлдыз боп көрінгенмен көздеріңе. Сахнаның үстінде сөйлегенмен, Басым әркез июлі өздеріңе! – Еркеғали ақын жыр жолдарын елге бір бағыттап, қарсыласы Нұрмұхаммедке «ағалығыңыз бар, бата беріңіз» деп қайырылады. Сонда Нұрмұхаммед ақын: Бұйырса Еркеғали жолың болар, Дүниеге кеп кетті небір қонақ. Ал, енді бірер минут күте тұрғын, Қазылар жақтан да бір әмір болар. Ниетің түзу болса, ең бастысы, Көркем мінез өзіңде сабыр болар. Батаны ауызашарда берейінші, Дұға-тілек сол кезде қабыл болар! – деп әдемі жауап қайырды. «Айтыс – сөз барымтасы» деп заңғар Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, сөз сайысында аталған шайырлардың бәрі де тыңнан тіркес, өрнекті сөз тастады ортаға.
Ақтық сынға оза шапқан төрт ақынның сонадайдан төбесі көрінді. Сонымен, үшінші орынды Жандос Бақытұлы мен Нұрсұлтан Ырымбай, екінші орынды Сырым Бейсембек пен Нұрмұхаммед Байсүгіров қанжығаласа, бірінші орын тұғырынан Думан Сымбаттай жырдың жас перісі көрінді. Ал, жүлде қоры 500 мың теңгені құраған бас бәйгені айтыстың қос айналымында да шашасына шаң жұқтырмаған дарынды жас шайыр Еркеғали Бекболат еншіледі.
Әлқисса, Арқаның ақеділ халқының көңілін серпілтіп, маңайын жырмен көмкерген бұл айтыста қазылар тарапынан «балсыз бағамдайық» деген соны ұсынысымен һәм ақындардың ауызашар уақытына дейін емін-еркін көсілгенімен ерекшеленді. Ақындар арындады, жұртшылық жалындады. Осымен жиырма бірінші жыл қатарынан өтіп жатқан облыстық айтыс өз деңгейінде ел ішіндегі демократиялық құндылықтардың іркілмей өрістеуіне игі әсер етті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ, Ortalyq.kz