Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында бағдарламаның шарттары 1 мамырда жарияланатынын жеткізді.
"Бағдарламаның мақсаты үшін қазір "Отбасы банкі" 300 миллиард теңге тартуда. Бұл – бағдарламаның жалпы мөлшері. Халықтың әлеуметтік осал тобы үшін мөлшерлеме 7% аспайды. 1 мамырда біз бағдарламаның шарттарын толық жариялаймыз", – деді Қанат Шарлапаев.
Министр қаражат қажетті әрі жеткілікті түрде жұмсалатынын алға тартты.
"Отбасы банкі" осы салада ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді және ипотеканы бөлу тұрғысынан өзін жақсы дәлелдеді. Банктің бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыруға және біздің азаматтарымыздың өз тұрғын үйіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін құзыреті жеткілікті деп санаймын", – деп қосты Қанат Шарлапаев.
Жаңа бағдарлама есебінен алғашқы жылы 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.