BANNER

Қорғаста 6 заңсыз ойын бизнесі мен жезөкшелер ошағы анықталды

Сурет: pixabay.com

«Қорғас» ШЫХО аумағының Қазақстан жағында 6 заңсыз ойын бизнесін және бір жезөкшелер ошағын ҚХР азаматтары ұйымдастырған. Аталған орындарды ҚМА Жетісу облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік департаменті сондай-ақ  облыстық полиция әрі шекара қызметімен бірлесе отырып жойды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.  

Анықталғандай, астыртын ойын мекемелері түнгі уақытта шектеулі адамдар үшін, атап айтқанда Қытай азаматтары үшін ғана жұмыс істеген.

«Тінту нәтижесінде 4 коммерциялық ғимаратта 76 ойын автоматы, 43 ойын үстелі, құмар ойындарын ұйымдастыруға қажетті көптеген техникалық құрал-жабдықтар, сондай-ақ 60 мың юаньнан астам ақшалай қаражат табылып тәркіленді» — делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер таратылуға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.