Алматы қаласында 5 жасар бала көршілер чатына анасына көмек сұрап, хабарлама жіберіп, анасын бір өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі CMN сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 19 сәуірде сағат 9:55-те 13-қабаттағы пәтердің бірінде болған. Аяқ астынан Гүлмира есімді әйел есін жоғалтып, еденге құлайды. Осы сәтте ұлы Ален анасының телефонын ашып, көршілермен ортақ чатты тауып, «өтінемін, көмектесіңіздер, анам өліп кетуі мүмкін, дәрігер шақырыңыздаршы», деп дауыстық хабарламалар жіберген.
Мұны естіген көршілер дереу жедел жәрдемге хабарласады да, Ален тұратын үйге бет алады. Бала еш үрейленбестен есікті ашып, көршілерді, 20 минуттан кейін келген дәрігерлерді үйіне кіргізеді. Жедел жәрдем келгенде әйелдің есі кіресілі-шығасылы еді. Дереу ол ауруханаға жеткізілді.
Көршілері баланың төтенше жағдайда тез әрекет еткеніне сүйсінді. Олар анасы жазылып келгенде Аленге өздері жиналып сыйлық жасауды ұйғарып отыр.
Әйелдің қазіргі жағдайы әзірге белгісіз.