Н.Гоголь атындағы облыстық әбмбебап ғылыми кітапханасында композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ұлттық музыканы ұлықтаған сазгер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік директорының орынбасары Ғазиз Әжбағамбетов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, Қазтұтыну одағы Қарағанды университетінің Құқықтану және бизнес бөлімінің меңгерушісі Зайда Утешева, осы оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Мақпал Абилдина қатысып, белгілі жерлесіміз жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғазиз Салықұлы композитордың шығармалы күрделі екенін атап өтті.
– Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасы Кеңес заманында күнде радиодан берілетін. Оны назар салып тыңдасаңыздар шығарманың басы, ортасы және соңы бар. Ол шығарманы студент кезінде жазған. Осыдан-ақ қандай дарын иесі болғанын ойлай беріңіздер. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздары Сыдық Мұхамеджановтың бірқатар шығармаларын орындап жүр, – деді Ғазиз Әжбағамбетов.
– Сыдық Мұхамеджановтың өнері атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған. Белгілі тұлғаның 100 жылдығы аясында өз тарапымнан кітап құрастырып жатырмын. Онда майталман музыка мамандары Ілия Жақанов, Кенжеғали Мыржықбаев және басқа да тұлғалардың, Серік Ақсұңқарұлы, Төрехан Майбастың жазғандары, Софы Сматаевтың естеліктері жинақталады. Сіздердің кітапханамен де байланыс орнатып, сіздерде бар деректерді қолдансақ, мерейтойға сый болады деп ойлаймын, – деді Қайрат Әбілда.
№1 музыка мектебінің «Думан» сазды-фольклорды ансамблі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Нұрлытаң Ермек өнерін ортаға салып, кештің сәнін кіргізді.
Жиналғандар Михайловкадағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатына, Қарағанды көшелерінің біріне Сыдық Мұхамеджановтың атын беру жайлы ұсыныстар айтты.
– Сыдық Мұхамеджанов – кәсіби композитор. Домбыраға, қобызға, флейта, спкрипкаға арнап жазған туындылары бар. Михайловкадағы музыка мектебі кәсіби мамандарды даярлайды, сондықтан, сол оқу орнына Сыдық ағамыздың есімін беру лайық деп ойлаймын, – деді Ғазиз Әжбағамбетов.
Композитордың шығармашылығына зейін қойған жан оның қазақ музыкасындағы көптеген жанрға тұңғыш қалам тартқан композитор екенін аңғарары анық. Ол 4 опера, 4 симфония, симфониялық поэмалар, оратория, концерттер, спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz