Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алады. Мемлекет басшысының пікірінше, ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.
«Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі»,-деді Президент.