BANNER

Қарағандыда ер адам бұрынғы әйелін балаларының көзінше өлтірген: полицейлерге қатысты қызметтік тергеу басталды

mperiyaroz.ru сайтынан

Балаларының көзінше ажал құшқан қарағандылық әйелдің өлімінен кейін полицейлерге қатысты қызметтік тергеу басталды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кісі өлімі болған күні кешке марқұмның балаларының шақыртуы бойынша оқиға орнына барған полицейлерге қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі. Туыстарының айтуынша, полицейлер барған кезде әйел тірі болған, бірақ бұрынғы күйеуінің қоқан-лоққысына шағымданып, одан қорғауды сұраған. Алайда полицейлер жанжал шығарған ер адамды полиция бөлімшесіне алып кетпей, үйіне қалдырып кеткен, дейді марқұмның туыстары. Бұл жайтқа облыстық полиция департаментінің басшысы Неғмет Ысмағұлов пікір білдірді. Ол қылмыстық іс жеке бақылауына алынғанын, полицейлердің кінәсі дәлелденсе, олар ең қатаң жазаға тартылатынын айтты.

"Полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ олардың басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша ең қатаң шаралар қабылданатын болады. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмысты тергеу барысы менің жеке бақылауымда", - деді Неғмет Ысмағұлов.

Бұған дейін Қарағандыда бұрынғы күйеуі әйелді екі баласының көзінше өлтіріп кеткені хабарланған болатын. Полицейлер 10 жылдай бұрын ажырасқан бұрынғы күйеуін қамауға алды. Кісі өлтірілген күні кешке марқұмның балалары полицияға хабарласып, көмек сұраған. Келген тәртіп сақшылары арызды қабылдап, бірақ ер адамды әйел мен балаларының жанында қалдырып кетіп қалған.