Қарағанды облысында Индустрияландыру картасы бойынша 2024 жылы 13 нысан салу жоспарлануда. Жаңа өндірістерге 3000-ға жуық маман қажет. Қазіргі таңда басты мәселе – жұмыс берушілермен бірлесе отырып, кадрларды даярлауды қалай тиімді түзетуге болатынында.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселелерді басқарма, колледж, өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен онлайн-кеңесте талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
– Қазір жұмысшылардың дағдыларына қойылатын талаптар өзгеруде. Кадрларды даярлау озық болуы және еңбек нарығының қазіргі қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс. Менің тапсырмам бойынша сыртқы талдау жасайтын жұмыс тобы құрылды. Әрі қарай біз стратегия құрамыз. Үлкен жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова қазіргі жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндады. Облыста 54 колледж жұмыс істейді, оның 34-і техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды: металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т. б.
Оның айтуынша, жұмыс берушілердің сұраныстарына байланысты жаңа мамандықтар ашу жоспарлануда. Мысалы, Теміртау жоғары политехникалық колледжі тау-кен өңдеу кешені үшін арнайы кокс өндіретін кәсіпорынға маркшейдерлер, техник-гидрогеологтар даярлауды бастауды жоспарлап отыр. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі техникалық бақылаушыларды "бұйымдарды химиялық тазалау және бояу" мамандығы бойынша оқытпақшы.
Сондай-ақ, колледждерді дамытудың стратегиялық жоспарларын ескере отырып, "полимерлік өндіріс технологиясы", "жылжымайтын мүлікті басқару", "газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау және пайдалану", "тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану", "ет және ет өнімдерін өндіру" жаңа мамандықтары үшін лицензиялар алу жоспарланған.
Кәсіпорын басшылары кәсіптік білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл туралы айтып берді.
"Алайғыр" БК" ЖШС өкілдері ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті: компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжі үшін қажетті жабдықтарды сатып алып, қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелерін өтеді.
"Silk Road Electronics" ЖШС тұрмыстық техника өндіретін жаңа зауыт Саран және Шахтинск техникалық колледждерімен кадрларды бейінді даярлауға шарттар жасасты.
Ермағанбет Бөлекпаев білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, индустриялық-инновациялық даму өнеркәсібі басқармаларына тапсырма берді. Мамыр айының соңына дейін инвестициялық жобаларды ескере отырып, кадрларға қажеттілікті анықтау қажет. 1 қыркүйекке дейін колледждің әрбір түлегін жұмысқа орналастыру пысықталуы тиіс. Тұрақты кәсіптік бағдар беру жұмысы болуы қажет. Кәсіпорындар базасында колледж қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды түзету керек. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кәсіпорындар үшін сұранысқа ие мамандар бойынша 2024 жылдың жаңа жиынтығына нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысын қарастыру тапсырылды.