BANNER

Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы бітіреді

Сурет: ӨКҚ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы бітіреді. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың бала тәмамдайды. Ал, 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 7 704. Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Оқу жылының аяқталуы және жазғы демалысты ұйымдастыру туралы» брифинг өтті. Брифинг барысында білім саласында атқарылған жұмыстар жайлы Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова мәлімдеді.

«Биыл Қарағанды облысының мектептерінде оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Мектеп бітірушілер қорытынды аттестаттауға, Ұлттық бірыңғай тестілеуге белсенді дайындалуда. Облыс бойынша 172 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. 11 сыныптардың 7 513 түлегінен 139-ы «Алтын белгі» үміткері және 401-і – үздік аттестатқа үміткер. 9 сыныпты 15 663 оқушы аяқтайды, оның ішінде 744 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен 24 мамырда барлық мектептерде оқу жылын қорытындылайтын «Білімім – Отаныма!» тақырыбында жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. 25 мамырда мектептерде 11 сынып бітірушілерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өтеді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұдан бөлек Бақтыгүл Әдекенова биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізілетінін айтты.

«1 сәуірден бастап 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау басталды және 31 тамызға дейін жалғасады. Өтінімдерді EGOV, Білімал арқылы «1 сыныпқа қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталында және қағаз жүзінде беруге болады. Биыл бірінші сыныпқа 16 мыңнан астам оқушы барады деп жоспарлануда. Алдын ала деректер бойынша жазғы демалыспен, бос уақытпен және жұмыспен қамтумен 160 мың баланы қамту жоспарланып отыр. 3 маусымда барлық мектеп жанындағы лагерьлердің ашылуы басталады. Бұл күні барлық жерде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары өтеді», - деп атап өтті Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Егер сізде қандай да бір сұрақтар мен ұсыныстар туындаса, сіз сенім телефонына (25-25-02, 50-25-00) және Call-center-ге хабарласа аласыз. 1 сағат ішінде келіп түскен барлық сұрақтар қарастырылатын болады. Сондай-ақ, білім басқармасында облыстың Бала құқықтары жөніндегі уәкілі И.Б. Киселева (8 701 444 39 74) қабылдау жүргізеді.