BANNER

Биыл Қарағандыда 128 шақырымнан астам автожол жөнделеді

Сурет: LIFE09

Биыл Қарағандыда 128 шақырымнан астам автожол жөнделіп, қайта қалыпқа келтіріледі. Жоспар орындалса, жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 79 пайызға жетеді. Қалада орташа жөндеумен 114 шақырым жол қамтылады. Құрылыс және қайта құру жұмыстары 7 шақырымға жоспарланған. 9 шақырым жол төсемінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Жалпы қалада 127 учаске жөнделеді.

жол

Осы орайда Пичугин және Бөкетов көшелеріндегі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Пичугин көшесінің 4,8 км автожолы күрделі жөндеуден өтсе, Бөкетов көшесінің 2,2 км автомобиль жолының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласының теміржол вокзалынан Гоголь көшесіне дейін сыртқы жарықтандырудың темірбетон тіректерін алып тастай отырып, жол төсемін фрезерлеу жүргізілген. Нөсер суағар құдықтары орнатылып, автожолдың бүкіл ұзындығы бойынша сыртқы жарықтандыру кабелін толық төсеу және сыртқы жарықтандырудың 20 тірегі орнатылған. Сондай-ақ, жоба бойынша жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнату бойынша және сыртқы жарықтандыруды, нөсерлі кәріздерді және тротуарларды төсеу бойынша жұмыстар жоспарлануда.

Бөкетов көшесіндегі "Заман", "Атамұра" ТК ауданындағы №1 учаскеде жөндеу жұмыстары мен объектідегі кәріз құдықтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша асфальтбетон төсеуден басқа, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнату жұмыстары және автобус аялдамаларын, сыртқы жарықтандыруды, тротуарларды және нөсер кәріздерін орнату жоспарда бар.

«Биыл Дүйсембеков пен Б. Момышұлы арасындағы кварталаралық көшелер, Бөкетов көшесінің автожолы – Мұқановтан Үштөбе автожолына дейінгі учаске, оның ішінде Сарыарқадан Б. Момышұлына дейінгі учаскені салу жоспарланған, Космонавт көшесі бойынша автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Пичугин көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды, теміржол вокзалынан бастап Терешкова көшесіне дейін 7-ші магистральға шығатын учаске қамтылады. Четская көшесі де жөнделеді. Орташа жөндеумен Михайловка, Үлкен Михайловка, Кирзавод-3-4, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау және Күнгейдің жеке секторы қамтылады. Сондай-ақ, Ермеков, Гоголь, Абай көшелеріндегі және Назарбаев, Бұқар жырау, Сейфуллин, Шахтерлер даңғылындағы және 49-маршрут бағыты бойынша негізгі автожолдар жөнделеді», – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

жол

Сонымен қатар, алдағы жылдары қалада алты маңызды жоба іске асырылатын болады. Бұл – Мұқановтан Майқұдыққа дейінгі, Университет көшесіндегі жолдарда – Мұқановтан Гапеевке дейін Алматы тас жолына шығатын жолдардың құрылысы, Күнгейдегі және Сарыарқа көшесіндегі жолдардың құрылысы. Бұдан басқа, Үлкен Михайловка станциясындағы темір жол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін салуға және 35-ші маршруттағы автожолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қалада 6 бағдаршам және 1000 жарықтандыру тірегі орнатылады.