BANNER

Астанада Бишімбаевты ұстаған полицейлер жазаланды

Сурет: pixabay.com

Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстаған және алғаш боп жауап алған екі полицей жазаланды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ІІМ баспасөз қызметі осы факт бойынша Астана қалалық полиция департаменті жүргізген қызметтік тергеу аяқталғанын хабарлады. "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 19, 56-57-баптарына, сондай-ақ қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін тәртіптік комиссияның шешіміне сәйкес Патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторына сөгіс жарияланды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының талаптарын бұзғаны үшін Астана полиция департаментінің Есіл аудандық полиция бөлімінің жедел уәкіліне қатаң сөгіс жарияланды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 27 наурыз бен 13 мамыр аралығында Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты ашық сот отырысы өткен болатын. Сот отырысы онлайн көрсетілді. Сот отырыстарының бірінде Бишімбаевтың қамауға алынған және бастапқы жауап алынған сәттер түсірілген кадрлар көрсетілген болатын.