"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының маңызды элементтерінің біріне айналды және Жаңа әділ Қазақстанды құруда маңызды рөл атқарады.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" - бұл ең алдымен халықтың мүддесін, халықтың пікірін басым қоятын мемлекет. Сонымен қатар, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара байланысты орнату. Нақты айтқанда Конституциямыздағы басты қағидаларды жүзеге асыратын мемлекет. Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Яғни мемлекеттің ең басты құндылығы адам, олай болса бұл мемлекет ең бастысы өз халқының жағдайына көніл аударуы керек.[1]
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруда байқалатын мәселелерді бірнеше топқа бөліп қарастырсақ болады:
Біріншіден – бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің тиімділігіне деген сенімге нұқсан келтіреді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.
Екіншіден - халықпен әлсіз кері байланыс. Президент өз сөздерінде бірнеше рет атап өткендей, адамдар көбінесе жергілікті органдардан өз сұраныстарының қанағаттандырусыз қалғанын айтуда. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекеттік аппарат үшін адамдардың сұраныстары мен проблемаларына ашықтық пен жедел ден қою басты басымдық болуы тиіс.
«Халықпен тиімді кері байланыс орнату» - керектігін Президент өз жолдауында да тілге тиек еткен болатын. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» - делінген жолдауда.
Мәселелердің үшінші тобы азаматтық қоғамның белсенділігінің жеткіліксіздігімен, оның белгілі бір бөлінуімен және инерттілігімен байланысты. Мұнда негізінен әлі дамып келе жатқан саяси мәдениетке және толық құрылмаған азаматтық қоғам институттарына назар аудару керек. [2]
Атап өтетін болсақ елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған еді. ҰҚСК мақсаты – қалың жұртшылықпен, саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерімен кең талқылау негізінде мемлекет саясатындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Азаматтық қоғам пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық мәселелерді қарастыру.
Мемлекет тек билік институттары мен мемлекеттік органдар ғана емес. Мемлекет – бұл халық. Сондықтан адамдардың өздері де белсенділік танытып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өздерінің жеке мүдделерін ғана емес, сонымен қатар өз елі, өңірі, елді мекені үшін маңызды міндеттерді шешуге қатысуы. Яғни, шағымдар мен өтініштерден басқа, "еститін мемлекетке" қандай да бір идеяларды, ұсыныстарды жолдау, проблемаларды шешуге тарту, өз мүмкіндіктеріне байланысты республиканың дамуына қатысу қажет.
Тағы айта кететін жайт мемлекеттік органдардағы ақпараттың халыққа қолжетімділігін арттыруымыз керек. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның негізінде азаматтар ашық үкімет порталында ақпаратқа еркін қол жеткізуді жүзеге асырып келеді. Аталған поpтал шеңбеpiнде бүгiнде 4 платфоpма жұмыс iстейдi – ашық мәлiметтеp, ашық бюджет, ашық ноpмативтiк-құқықтық актiлеp және ашық диалог. Бүгiнгi күнi бұл жеpде 3,5 мыңнан астам ашық мәлiмет жинақталған, 74 мың бюджеттiк бағдаpлама жобалаpы жаpияланған, 64 мың ноpмативтiк-құқықтық актiлеp жобалаpы баp. 65 мыңнан астам пiкip жазылып, бipiншi басшылаpдың блогына 367 мыңнан астам өтiнiш қалдыpған.[3]
«Antikor ortalygy» фронт-кеңселерін құру арқылы жоғары деңгейлі қызмет көрсету моделін енгізу жобасына бастамашылық жасалды (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сервистік орталықтары). Әкімдіктердің қолдауымен орталықтар 13 өңірде (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында) ашылды. Сервистік орталықтарда азаматтарды жедел және кедергісіз қабылдау және кеңес беру, баспасөз конференцияларын өткізу үшін жағдай жасалған. Әрбір тілек білдіруші оларға келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды талқылауға қатыса алады.[5;15]
Халықтың әлеуметтік белсенді және саяси процеске қатысуы үшін халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын азаматтық қоғамды қолдау және нығайту қажет. Біз осындай өзара әрекеттесу механизмін жасауымыз қажет немесе дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек болады. Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, ашық мемлекеттерде халық шешім қабылдау процесіне белсенді қатысады. Мәселен "Азаматтық қазылар алқасы" процедурасы дамыған елдерде кеңінен қолданылады, онда 15-25 азамат кездейсоқ таңдалады, олар белгілі бір қарастырылып отырған мәселеге қатысты халықтың өкілдері болып табылады. Бұл адамдар тобы сарапшылар ұсынған мәселе бойынша барлық қажетті ақпаратты зерттейді, мамандардың әртүрлі көзқарастарын тыңдайды және соңында мәселе немесе жоба бойынша нәтижелерді айтады. Бұл технология АҚШ-та пайда болды, бірақ ол Ұлыбританияда, Израильде, Жапонияда және басқа да көптеген елдерде қолданылады.
Осындай озық елдердің тәжірибелерінен үлгі алып өз елімізде жүзеге асыруымыз қажет. Қоғамдық тыңдаулар мен қоғамдық мониторингті ұдайы жүргізу арқылы, азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты орнатамыз. Ол үшін ұзақ мерзімді жұмыс қажет. Азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенім дағдарысына қарсы қолданыстағы шаралар осы тұжырымдаманы іске асыру барысында уақытша құбылыс емес, тұрақты болуы тиіс.
Азаматтардың құқықтарын қорғау тетігінің тиімділігін арттыру және күшейту қажет. Егер мемлекет осы бағытта дәйекті саясат жүргізетін болса, қоғам өзін қорғанышта екенін сезінеді, мемлекет оны еститінін түсінеді және мүмкіндігінше сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысады.
Есімізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Бұл құжат "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралы болады. Әкімшілік әділеттің миссиясы - билікпен қақтығыста әлсіздерді қорғау. Азаматтарға өз құқықтарын қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жаңа кодекске сәйкес әкімшілік органдардың талаптары енді "әкімшілік органның кінәсі презумпциясы" қағидаты негізінде қаралатын болады: яғни өтініш беруші емес, әкімшілік орган сотқа өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуі керек. Келесі маңызды қағидат сенім құқығын қорғау қағидаты. Бұл қағидаттың ұғымы азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамның тек заңды әрекет етеді деген түсінікті білдіреді. Кодекстің 13 бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.[4]
Жергілікті органдардың халық алдындағы жауапкершілігі, халыққа жақындығы, ашықтығы, қолайлығы болуы керек. Сол кезде барлық мәселелер ушықпай уақытында шешілер еді. Сол себептен әрбір қызметкер өзіне тиесілі қызметке мол жауапкершілікпен қарауы керек. Халықтың көңіліне сенім ұялатуы маңызды.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудағы қоғамның рөліне келетін болсақ, ол басты рөлді атқарады. Бұл демократиялық саяси жүйенің маңызды субъектісі болып табылатын белсенді, жауапты және жетілген азаматтық қоғам. Бұл қағиданы іске асыруда алдыға жылжу үшін, токтап қалмай жаңа тәсілдерді ойлап табу қажет. Ең бастысы азаматтық қоғамның тарапынан бастамашылық өте маңызды.
Азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту арқылы халықтың сеніміне кіру қажет. Сол кезде ғана біз күшті, тәуелсіз, ашық, бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды, еркін саяси өрісті қалыптастыра аламыз.
"Біз цифрлармен, фактілермен, іс - әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек", - деп атап өткен еді Президентіміз.[6]
Кожухов Мейрам Мұратұлы
Қарағанды қаласының әкімі