BANNER

Таза экология – болашақ кепілі

Сурет: pixabay.com

Экология тазалығы – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Бұл – біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге төніп тұрған қауіп. Қазақстан далалар мен шөлдерден, таулы аймақтар мен өзендерге дейін орасан зор табиғи ресурстарға және алуан түрлі экожүйеге ие. Егер біз бұл мәселенің алдын алмасақ, болашақта бұның бәрін жоғалтып алуымыз әбден мүмкін.

Атап айтсақ, бүгінде экологиялық проблемалар жеткілікті. Алдымен, Арал теңізінің тартылуын айтар едім. Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым Арал теңізінің құрғап қалуына «ХХ ғасырдағы ең ірі антропогендік экологиялық дағдарыстардың бірі» деп баға беріп отыр.

Теңіздің жоғалуы Арал маңындағы өсімдік, жануарлар дүниесіне, ландшафты мен климатына жүйелі түрде зиянын тигізді. Арал маңы тұрғындарының арасында көз, тыныс алу жүйесі аурулары, қан аздық, қант диабеті және онкологиялық аурулар өрши бастады.

Келесі мәселе – әлемде көлемі жағынан 13 орын алатын Балқаш көлінің суының жылдан-жылға азаюы. Зерттеулерге сүйенсек, көлдегі су деңгейі 1970 жылдан төмендей бастаған. Балқаш көлінің тартылуымен қоса, оның ластану көрсеткіші де күн санап артуда. Оның негізгі себебі – өндірістік қалдықтары мен әртүрлі химикаттардың көлге төгілуі.

Дерекке сүйенсек, өндірістік зауыттар қоршаған ортаға жылына шамамен 1 миллион тоннаға жуық өндірістік қалдықтар төгеді. Лас су тек табиғатқа емес, онымен қоса, адам денсаулығына да айтарлықтай зиян тигізеді. Мысалы, жүйке жүйесінің, бүйректің, бауырдың ауыр ауруларына әкелуі мүмкін. Бұл заттар әсіресе, балалар үшін қауіпті. Өйткені, олар баланың сана-сезімінің дамуын, өсіп қалыптасуын тежейді. Пестицидтермен, ластанған сумен жанасу улануды, аллергиялық реакцияларды және қатерлі ісіктің дамуы сияқты ұзақ мерзімді ауруларды тудырады.

Табиғат-Ананың адамзат баласына берген ең бағалы сыйлығы – ауа. Ауа болмаса, өмір де жоқ. 30 секунд дем алмай тұрып көріңізші. Түсінесіз... Ал, атмосфераның ластануы – адам денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізіп жатқан қазіргі әлемдегі ең күрделі экологиялық проблема. Зауыттар мен фабрикалар атмосфераға күкірт диоксиді, азот оксидтері және органикалық қосылыстар сияқты ластаушы заттардың едәуір мөлшерін шығарады. Жеңіл автомобильдер, жүк көліктері, ұшақтар және басқа да көлік түрлері ауаға көптеген зиян тигізеді. Көмір, мұнай, газ электр станциялары ластаушы заттардың шығарындыларының негізгі көздері екенін ұмытпаған жөн.

Жыл сайын орман қорларының азайып бара жатқанын да атап айту керек. Өрттің салдарынан ормандардың аумағы күлге айналуда. Жаңбыр көп мөлшерде жауған уақытта ауа райының да қолайсыз болатыны бар. Осындай кезде көшелердегі суағарлар дұрыс жұмыс ісетемесе, көшелерді су басып, жүріп-тұруға ыңғайсыздық туғызады. Мұндайда ренжіп, әкімдікті кінәлаймыз. Ал, қаламыздың әр жерінде қоқыс салатын жәшіктер тұрса да, ешкім тазалық сақтауға мән бермейді. Бар нәрсені дұрыс пайдаланбай, қаланы ластап, жаман ауаның таралуына өзіміз үлес қосып жатқанымызды сезбейміз...

Адамның іс-әрекеті қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етіп, көптеген экологиялық проблемаларды тудыратынын ұмытпау керек. Бәрі өз қолымызда. Адамзат жер бетіндегі саналы жаратылыс иесі болғандықтан, табиғаттың ластануына да ең алдымен адамдар жауапты. Қазіргі экологиялық мәселелер шұғыл және жан-жақты назар аударуды талап етеді. Климаттың өзгеруі, ластануы және табиғи ресурстардың сарқылуы тек табиғатқа ғана емес, сонымен бірге, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына да қауіп төндіреді.

Бұл мәселелерді шешу тек ел Үкіметінің және қоғамның әр мүшесінің бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін екенін естен шығармайық. Бұл баршамызға – ортақ парыз.

Күн, жел және су энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздеріне көшу, қалдықтарды қайта өңдеу, пластик өнімдерін пайдалануды азайту, қоршаған ортаны қорғау туралы хабардарлықты арттыру үйлесімді және тұрақты болашақты құрудың негізгі қадамдары екенін баса айтқым келеді. Белсенді және айналаға жауапты әрекет арқылы ғана біз экологияны қазіргі және болашақ ұрпақ үшін сақтай аламыз.

Әрқайсымыз «Бұл – менің қалам!, Бұл – менің үйім!, Бұл – біздің ортақ үйіміз!» деген гуманистік көзқараспен өмір сүрсек, өміріміз әлдеқайда жеңілдеп, экологиялық проблемелар өздігінен шешілер еді. Өйткені, әр адам өз үйін таза ұстайды. Қалаға және өзі тұратын елді мекенге өз үйіне қарағандай қараса, дүние өзгере бастар еді...

 

Анелия НУРУМБЕТ,

Е.Бөкетов атындағы зерттеу университеті филология факультетінің ІІ курс студенті.