Қазақстандық скрипкашы Руслан Талас Брюссельде өткен Елизавета патшайымы атындағы академиялық музыканттар конкурсының финалында өнер көрсетті. Бұл – әлемдегі ең беделді музыкалық байқаулардың бірі.
Музыкалық сайыс Бельгия патшайымы Елизаветаның бастамасымен 1937 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл байқаудың бірінші турында 63 скрипкашы өзара бәсекеге түсіп, үздік 12 музыкант ақтық сынға жолдама алды. Соның бірі – Руслан Талас. Жерлесіміз Моцарт, Брамс, Изаи мен француз композиторы Эскештің шығармаларын құйқылжыта орындады. Қазылар алқасының мүшелері мен көрермендер қазақстандық музыканттың талантына тәнті болды. Отандасымыз Мәскеу консерваториясын тәмамдап, қазір Швейцарияның Лозанна қаласындағы Жоғарғы музыка мектебінде тәлім алып жатыр.
"– Бұл байқаудан ұмытылмас әсер алдым. Мынадай залда, байқаудың финалында, Матильда патшайымның алдында өнер көрсету – мен үшін үлкен құрмет. Осы конкурсқа қатысуды бала кезімнен армандап едім. Бұл мен үшін керемет, ұмытылмас тәжірибе болды", – деді скрипкашы Руслан Талас.
Жерлесіміздің бірегей талант екенін бельгиялық БАҚ жарыса жазып жатыр. Бүгін Руслан Талас пен байқаудың финалына қатысқан тағы 11 музыкантты Бельгия патшайымы Матильда қабылдайды.