BANNER

Қарағандыда үш мың адам ту тұғырының жанында Қазақстанның әнұранын орындады

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысы бүкіл елмен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін кеңінен атап өтуде. Облыс орталығында ту тұғырының маңында жұртшылықтың, еріктілердің, жастардың қатысуымен "Туған жерім – Қазақстан!" патриоттық форумның ашылуы болды. Алаңда үш мың адам бір уақытта еліміздің әнұранын орындады. 

Бұл оқиға бірлік пен Отанымызға деген сүйіспеншілікті көрсетеді. Шара барысында ту шеруі өтті. 

Ту ұстаушылар қатарында Т. Бигелдинов атындағы Қарағанды қаласының "Жас ұлан" мектебінің тәрбиеленушілері болды.

– Мемлекеттік рәміздер күні біздің жүрегімізде ерекше орын алады, өйткені біздің мемлекетіміздің рәміздері жай ғана атрибуттар емес, бұл біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және бірлігіміздің бейнесі. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бүкіл әлемге танымал болды, бұл еліміз үшін мақтаныш сезімін тудырады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Мен мұнда жастарды көргеніме қуаныштымын. Біздің міндетіміз – жастардың бойында отансүйгіштік сезімін және елімізге, оның бай тарихы мен ұлы тұлғаларына деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу.

Форумда азаматтардың патриоттық тәрбиесін дамытуға қосқан үлесі, 

кәсіби жетістіктері, белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс хаттар табысталды.

– 2014 жылы мен Қазақстан әнұранын орындап, ант қабылдадым. Он жыл бойы Отанға, Қазақстан халқына қызмет етіп келемін, бұл үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік ту көтерілген сайын мен елімді мақтан тұтамын, – дейді марапатталған ТЖД қызметкерлерінің бірі – азаматтық қорғау капитаны Дамир Сағаттаев. – Осы көктемде біздің еліміз су тасқыны секілді үлкен сынақтан өтті. Қазақстан халқы бірікті: құтқарушылар ғана емес, көмекке қарапайым жанашыр адамдар да келді. Біз күшіміз бірлігімізде!

Этномәдени бірлестіктердің басшылары отандастарымызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

– Бұл мереке біздің болмысымыз бен егемендігімізді білдіреді. Біздің басты оқиғаларымыз мемлекеттік әнұранды орындаудан басталады, – деп атап өтті "Вайнах" облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Жанаев.

Алаңнан ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік авто-, мото- және веложарыс басталды.

Оны ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Валерий Громов ашты.

– Бүгін салтанатты күн. Біздің көш бастар жастарымыз осында жиналғаны керемет. Жастар жаңа Қазақстанды құруы керек. Біздің әрқайсымызда бірінші кезекте патриотизм сезімі болуы тиіс. Әнұран естілген кезде қолымыз бірден жүрек тұсына көтеріледі. Бірге болсақ, біз жеңілмейміз! – деді Валерий Громов.

Облыс бойынша мерекелік іс-шаралар: патриоттық акциялар, челлендждер, авто- және веложарыстар, концерттер өтеді.

Тұрғындар мемлекеттік туды пәтерлерінің балкондарына орналастырады. Ал көшелерде мемлекеттік рәміздері бар жалаулар мен стикерлер таратылады. Ақтоғай ауданында флагштоктың ашылуы өтті.