Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан сарқырамада екі адам көз жұмды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ke сілтеме жасап.
Сырқырама Шымкент қаласынан 180 шақырым қашықта орналасқан. Оқиға куәгерінің айтуынша, жастар сарқырамадан аққан суда шомылып жүрген.
"29 маусым күні шағын топпен Шұқыршақ сарқырамасына бардық. Бұл – Шымкенттен 150 шақырым жердегі ақылы туристік аймақ. Бұл жердің қауіпті екенін естігенбіз, барған соң бұған көз жеткіздік, су өте тыныш болып көрінгенімен, астында ағысы қатты иірім бар екен. Күйеуім суға бірінші болып кірді, су кеудесіне дейін келгендіктен жайбарақат жүріп, менің көз алдымда иірімде айнала бастады, әрең құтылды", – дейді оқиға куәгері Любовь.
Әйелдің айтуынша, олар топпен қалаға қайтуға жиналып жатқанда, сарқырамаға бірнеше жасөспірім келген.
“Кешке қарай үйге қайтуға дайындала бастағанда үш ұл, екі қыз, бір топ жасөспірім келді. Мен оларға ол жердің қауіпті екенін ескертіп, бармауын сұрадым. Бірақ олар мені түсінбеген болуы керек, төменге түсе бастады. Мен оларға иірім бар жердегі жартасты көрсетіп, жақындамаңдар деп айқайладым, бірақ бір секунд та болған жоқ, үшеуі сол аймаққа жетті, су иіріп тартып кетті. Біз бір баланы құтқара алдық, екі жасөспірім, бір ұл мен бір қыз бала көз алдымызда көз жұмды”, – дейді оқиға куәгері.
Куәгер екі апта бұрын болған қайғылы оқиғаға қарамастан, бұл аймақ әлі де демалушылар үшін қолжетімді екенін атап өтті. Сарқырамаға кез келген адам кіре алады.
"Олар бұл істі жылы жабуды қалайтын сияқты. Төтенше жағдайлар министрлігі "тексеріп жатырмыз" дейді, екі аптадан бері тексеріп жатыр", – дейді әйел.
Төтенше жағдайлар департаменті Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы аумағында адамдардың қаза болғанын растады.
"Бұл аймақта 29 маусым күні адамдар тыйым салынған жерде суға түскен. 1999 жылы туған жігіт пен 2005 жылы туған қыз суға батып кетті. Бұл жасанды су қоймасында суға түсуге тыйым салынған", – дейді ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Дүйсен Оразгелді.
Сондай-ақ департамент өкілі ол аумақта ескерту белгілері орнатылғанын, бірақ үнемі ұрланатынын атап өтті.