Полиция қызметкерлерінің жүргізушілерге жол жүру ережелерін сақтау бойынша бірнеше рет ескертпелеріне қарамастан соңы адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары азаяр емес, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Мәселен, 17 шілде күні сағат 06.00 шамасында «Алматы -Екатеринбург» тас жолында Ақсу-Аюлы кентінен 5 шақырым жерде «CHERY TIGGO» жеңіл автокөлігімен «Красноярск-Шымкент» бағытындағы «VAN HOOL» маркалы автобусының қатысуымен жол көлік оқиғасы болды. Салдарынан «CHERY TIGGO» автокөлігінің жүргізушісі және оның екі жолаушысы қайтыс болды. Сондай-ақ, жеңіл автокөліктің үш жолаушысымен автобустың жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 51 адам болған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, жаз маусымында тек «Алматы-Екатеринбург» тас жолында күніне 33 мың автокөлік өтеді. Осыған орай әр 25 шақырымға полиция жасағы қойылып, оның саны 22 дейін көбейтілді. Жол-көлік оқиғасына қатысқан екі автокөлік оқиғаға дейін патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен тоқтатылып, жол жүру ережесін сақтау бойынша ескертілген. Өкінішке орай, жүргізушілер полицияның ескертпелеріне құлақ аспаған.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдықты шектен тыс асырмауды сұрайды.
Жолдардағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты. Жол ережелерін сақтай отырып, әр жүргізуші жалпы қауіпсіздікке үлес қосатынын еске саламыз.