BANNER

Қазақстанның мұнай қоры енді қанша жылға жетеді

pixabay.com

Қазақстанда барланған мұнай қорын қазіргідей өндіру жалғасатын болса, тек бірнеше онжылдыққа ғана жетуі мүмкін.

Бұл туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов өзінің telegram арнасында хабарлады. 

Ол «ҚазМұнайГаз» статистикасына назар аударды. Қазақстандағы мұнайдың қалған қоры қазіргі таңда 2 млрд 745 млн тоннаны құрайды. Бұл ел тәуелсіздік алғаннан бері өндірілген мұнай көлемінен әлдеқайда көп (2 млрд тонна).

Сонымен қатар, қазіргі уақытта өндірілетін мұнайдың 80 пайызы «әйгілі үштік» кен орындарына — Теңіз, Қашаған, Қарашығанаққа тиесілі.

«Алдағы он жылда елдегі орташа мұнай өндіру көлемі жылына 105 млн тонна болуы тиіс. Шамамен, қазіргі мұнай қоры 25–30 жылға ғана жетеді», — деді Нұрлан Жұмағұлов.

 Геологиялық зерттеу жұмыстарына жылдар бойы жеткілікті көңіл бөлінбегенін ескерсек, Қазақстанның басты үміті жаңа кен орындары болып тұр. Тайсойған, Қаратон Подсолевой, Каспий теңізіндегі Абай, Торғай Палеозой.

Бұған дейін, Қазақстан Энергетика министрлігі итальяндық Eni компаниясының «Дружба» жүйесі арқылы Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізуді бастағанын растағаны белгілі болды.