Жақында әлеуметтік желіде аула сыпырып жүрген әженің видеосы көпшілікке таралып кетті. "Әжеміз әрең жүрсе де, жұмыс істеп жүр. Жасы 80-ге таяп қалған болар" деген автордың жазбасынан кейін бейнежазба қоғамда қызу талқыға түсті. Қартайған шағында күнкөріс қамы үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған әжей қайырымды жандардың арқасында үйлі болды, – деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айсәуле Байқуатованың жасы 65-те. Әлеуметтік желіде әже өзінің жұлдызға айналғанын білмек түгілі, өзгелердің оны түсіріп алғаны жайында хабарсыз.
Әжейдің қартайған шағында жұмыс істеуіне не себеп болғаны жөнінде бұған дейін жазған едік.
Сол күннен бері арада бір апта уақыт өткен соң отбасының өмірі күрт өзгерді. Зейнеткердің оқиғасы қазақстандықтарды елең еткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар бұл отбасына қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Осылайша, Айсәуле апа жан-жақты көмекке ие болды. Несиелері толығымен жабылып, қайырымдылық қорынан жаңа үйді сыйға алды.
Осы уақытқа дейін отбасы – Айсәуле апа, ұлы мен келіні және бес немересі Шамалған стансасында тұрған. Айтуларынша, олар үйді қарыз ақшаға салған, бірақ толық жабдықтауға қаражат жетпеген: дәретхана далада, су жоқ, еден төселмеген және жер сілкінісінен кейін үйдің қабырғасы жарылып кеткен. Сондай-ақ стансада мектеп болмағандықтан, балалар күн сайын басқа ауылға барып оқуға мәжбүр болған. Жолақысына да қыруар қаржы кететін.
Бейсенбі, 15 тамыз күні Айсәуле апа отбасымен Алғабас ауданындағы өздеріне сыйға тартылған жаңа үйге көшіп барды. Мектеп те үйге таяу орналасқан, енді балалар жаяу барып-келе алады.
Ал үйдің бұрынғы иесі қордың баспананы кімге сатып алып жатқанын білгенде үлкен жеңілдік жасаған.
Үйдің кілтін қолына алған әжей қуаныштан көз жасын тыя алмады.
Үйдің іші әлі бос тұр. Бірақ бұл жаңа, жылы және ыңғайлы үй. Төрт бөлмесі, асүйі және жуынатын бөлмесі бар. Қайырымды жандар жиһаз, тұрмыстық техника сияқты дүниелерді алуға көмектесетінін айтып, уәде берді.
Журналистерге берген сұхбатында Айсәуле апа бұдан былай жұмыс істемейтінін және енді несие алмайтынын айтты.
«Енді немерелеріммен үйде боламын. Жұмысты ұлым мен келінім істейді», - деді ол.