19 тамызда Алматы әуежайында Fly Arystan әуе компаниясының жолаушылары бүлік шығарды, деп хабарлайды LIFE09 ақрпараттық агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. SMS-хабарламадағы қателіктен жолаушылар рейстен қалып қойып, әуе компаниясы қызметкерлеріне заттарды лақтырып, тәртіпсіздік жасаған.
"Алматы-Астана рейсі 09:05-тен 09:25-ке кешіктірілген, бірақ жүйедегі ақауға байланысты жолаушылар рейс 10:55-ке ауыстырылғаны туралы хабарлама алған", - деп хабарлады FlyArystan.
Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді.
19 тамызда Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы-Астана рейсінің жолаушысы – 31 жастағы әйелдің әуе компаниясы қызметкерлерін балағаттап, әдепсіз қылық жасағанын анықтады. Сонымен қатар тіркеу үстеліндегі мониторға зақым келтірген.
"Көлік полицейлері әйелге қатысты шара қолданып, ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік іс қозғады", - делінген хабарламада.
Жиналған материал сотқа жіберіледі.