Қазақстандықтар әскерге кетіп, 6 ай бойы комада жатқан сарбазға 140 миллион теңге жинап берді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі El.kz-ке сілтеме жасап.
Сарбаз Ербаян Мұхтар әскерде жарақат алып, 6 айдан бері комада жатқан. Жақында Ербаян Мұхтар ата-анасының талабымен үйіне шығарылды. Сарбаздың туыстары жеке дәрігерлердің ақысын төлей алмай қазақстандықтардан көмек сұраған еді.
Блогер Лола Израилова сарбаздың отбасының ресми өкілі ретінде Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы хабар таратып жүр.
Ербаянның отбасы бүкіл Қазақстан халқына және емделуге қаражат жинауға көмектескен басқа елдердің азаматтарына шексіз алғысын білдіреді. Ата-анасы көз жасына ерік берді, мұндай керемет қолдау бүкіл ұжымды таңғалдырды. Сөзіміз жоқ. Мемлекет талай айдың ішінде жасай алмаған істі санаулы күнде жасадыңыздар. Мен Қазақстанда тұратынымды мақтан тұтамын, — деп жазды блогер.
Қаржы жинау 1 маусымда басталған. Қазіргі уақытта жиналған қаржы 140 млн теңгеден асып кетті.