BANNER

Бүгін – Конституция күні

Life09

Бүгін, 30 тамызда еліміздің Ата заңының қабылданғанына 29 жыл толады. Еліміздегі басты мереке құрметіне жұмыс аптасында бес күн жұмыс істейтін отандастарымыз биыл қатарынан үш күн демалады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Қазақстанның Ата заңының іргетасына тәуелсіздік ала салысымен 1991 жылы түрен салына бастады. Алайда мемлекеттің негізгі құқық негіздері екі жылдан кейін, 1993 жылы ғана қаланды. Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды.  Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.  

Конституция  "Жалпы ережелер",  "Адам және азамат",  "Президент", "Парламент", "Үкімет", "Конституциялық кеңес", "Соттар және сот төрелігі", "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару",  "Қорытынды және өтпелі ережелер" сынды бөлімдерден тұрады. 

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды.   

1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса,1995 жылы қабылданған Конститутция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. 1995 жылы қабылданған Конституцияға 1998, 2007, 2011 жылдары бірқатар өзгерістер енгізілді. 

2017 жылы Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол берілетіні жазылды.

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша президент болды. Сол күні ол ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынып, парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.

Конституцияға соңғы өзгерістер 2022 жылы енгізілді. Осы жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Соның ішінде:

  • Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап өтілді;
  • Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға және Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына тыйым салынды;
  • Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды;
  • Конституциялық сот қайта құрылды;
  • Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды;
  • Өлім жазасына тыйым салынды;
  • Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
  • Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге қысқарды;
  • Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;
  • Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
  • Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды. 

2022 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді.