BANNER

Балқаш көліне 250 мыңнан астам шабақ жіберілді

Қарағанды облысының әкімдігі

Осы күзде Балқаш көліне 501 мың шабақ жіберілуі тиіс. Қарағанды облысы жағынан көлге 251 мың тұқы шабақтары жіберілді.

Күз мезгілі – балықты тоғанға жіберудің ең оңтайлы уақыты. Судың температурасы ауа температурасымен сәйкес келеді. Ал ыстық ауа-райында балықтар тасымалдауға төзе алмай, қиналуы мүмкін.

– Көлді балықтандырудың басты міндеті – экожүйені жақсарту және балық қорын қалпына келтіру. Балқашта тұқы көптен бері мекендеп келеді, біз оның қорын үнемі толықтырып отырамыз. Шабақтар Қарағанды балық тұқымбағынан оттегі баллондарымен жабдықталған арнайы көлікпен әкелінеді. Оларды тасымалдауға 8–12 сағат уақыт қажет, – дейді Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Құмашев.

Шығарылған шабақтың орташа салмағы 12-ден 20 грамға дейін. Уақыт өте келе ересек сазанның салмағы 10 кг-ға дейін жетеді.

Шабақтарды арнайы белгіленген орындарға жібереді. Мамандардың айтуынша, балық ұзақ жолдан кейін демалып, содан кейін тереңдікке кетуі керек.