Жаңа ереже әзірге Астана қаласында қолданылады. Астанада жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгеріс енгізілді. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Екі факторлы аутентификация – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растау тәсілі: біріншісі – СМС хабарламаның көмегімен, екіншісі – биометриялық сәйкестендіру арқылы.
Қызмет алушыға тестен өтпес бұрын 1414 нөмірінен жеке деректерге қатысты сұрау салу туралы хабарлама келеді. Айта кетері, SMS қолданушының Электронды үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.
Сәтті авторизациядан кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.
"Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі кезекте екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады", – деп атап өтті мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізілді. Ал еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.
Жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізілді.