Айтыстың абызы, ақын Жүрсін Ерман ауыр дертпен қалай күрескенін айтып, қиын кезде өзіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмегі елеулі болғанын жеткізді. Ақынның сөзінше, президент оның еміне қомақты қаражат берген, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Жүрсін Ерман Тоқаевтың өзіне жасаған жақсылығы туралы "1001 түн" бағдарламасында айтты.
"Мені құртқан – қант. Оның қайдан келгенін кім біледі?! Қатты ауырдым. Алматыдағы беделді ауруханада емделдім. Мені қарап жүрген дәрігер аяқты кесу керектігін айтты. "Бұлай жасамасақ болмайды, өліп қаласың" деді. Адамның аяғын кесу оңай ма?! Қоймай шетелге барып келемін деп шештім. Швейцарияға кетіп қалдым. Ол жақта құдам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры. Олар мені қарап, аяқты кесудің қажеті жоқ екенін айтты. Швейцарияға бару оңай болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып емделіп кел деп, көп ақша берді. Оны былай өзі айтпайды. Бірақ мен ішімнен біліп тұрмын, риза болып тұрмын. Солай аяғымды кестірмей, қайтып келдім. Бір күні аураханадан шығуыма екі-үш күн қалды деген қуанышты жаңалықты естідім. Ауруханадан шыққаннан соң қыздарым қарап, шөптермен емдеп, аман алып қалды. Халықтың да қолдауы дем берді", - деп жан сырын ақтарды ақын.