Самбо күресіне барын беріп, елдің намысын жыртқан ерлердің бірі, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Испанияда 1985 жылы өткен әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, КСРО кубогінің екі дүркін чемпионы, Қазақстанның 6 дүркін чемпионы – Талғат Сайранұлы Байшолақов есімі жұртшылыққа жақсы таныс.
Белгілі балуан 1964 жылы Ақмола облысының Воздвиженко ауылында дүниеге келген. Әріптестерінің ғана емес жалпы халықтың алдында мерейі көтеріліп, ізін басқан інілеріне үлгі бола білген Талғат Байшолақов бүгінде асқаралы 60 жастың асуын бағындырып отыр. Спортқа жүрегінің төрінен орын берген азамат бүгінде қол қусырып отырған жоқ. Ақыл, жөн сұрап келген жас толқынға санасына бекіген өмірлік тәжірибесін, пайымын айтып, шама-шарқы келгенше жол нұсқап жүр. Олай болса ағамыз әлі де жаңа чемпиондардың қанат қағуына өз үлесін қосады дегенге сенім мол.
«Біздің балуандарда қайсар мінез, намысқойлық, алға ұмтылу бар. Бірақ, әдіс пен айла, еңбекқорлық кенжелеу. Спорттағы жетістік ол әрқашан маңдай термен келеді. Біздің ең алғашқы бапкеріміз Диханбай Биткөзов жеңістің кепілі дайындық екенін үнемі құлағымызға құятын. Ал, дайындық нәтижелі болсын десеңіз, оны мың бір әдіспен ұштастырған жөн. Бұл дегеніміз – тағы айтамын, әлемдік балуандардың әдісінің ортақ нүктесі. Сонда ғана біздің елден Олимпиада чемпионы шықпақ. Тағы бір айтарым – талапты туған жігітке жөнді ақылшы, жол нұсқаушы керек. Маған жол көрсеткен, жігерлендірген – отбасым. Шаңырақтағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Мәселен, Қанат ағам (Қанат Байшолақов – самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері) маған үлгі болды. Соңынан қалған жоқпын. Жаттығуға бар күш-жігерімді салдым. Ағамның мақтанышы болғым келді. Мен үшін ол жарығымен жолымды нұсқаған жарық жұлдызға айналды», – дейді Талғат Сайранұлы.
Ғұмырдың да, доданың да бозкілемінде жасымаған Талғат Сайранұлын асқаралы 60 жасымен шын жүректен құттықтай отырып, толағай табыс тілейміз!
Алпыстың асуынан асып, жетпіске аяқ басқан шағыңызда да көзіңізден от кетпесін, жүрегіңізден жылу кетпесін дей отырып, елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта жалғасын табады деп сенім білдіреміз!