BANNER

Ұшақ апатынан зардап шеккен әзербайжандық 14 азамат елдеріне оралды

Фото: SputnikKZ

Маңғыстаулықтар Әзербайжан елінің азаматтарын еліне шығарып салды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Ұшақ апатынан зардап шеккен әзірбайжандық 14 азамат пен күні кеше Ақтауға келген Әзербайжан делегациясының 20 мүшесі өз елдеріне оралды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оның ішінде аман қалған екі бортсерік пен бір бала бар. Олар ауруханада қажетті ем алып, жағдайлары тұрақталған соң Бакуге аттанды.

Зардап шеккендерді шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ел ақсақалдары, жастар және қоғам өкілдері қатысты.

Маңғыстаулықтар бауырлас елге жылы тілектерін білдіріп, қолдау білдірді.

Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 науқас ем алуда. Оның ішінде 4 адамның жағдайы ауыр, 2 адамның жағдайы орташа. Жарақат алғандарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Айта кетейік, апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басқаруымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.