BANNER

Түркияға ем алуға кеткен сарбаз Ербаян Мұхтар елге оралды

Фото: instagram/erbayan2024

2023 жылдың соңында ми жарақатынан кейін комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтар елге оралды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Ол Түркияда емделудің бірінші кезеңін аяқтап, Астанаға келді. Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай мәлімдеді. Енді Ербаян Астанада болады. 

«Ербаян екі-үш ай үйінде болады. Басына жасалған отадан кейін толық сауықтыруды бастау үшін оның денесіне біраз уақыт демалу керек. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып барып, оңалтудың екінші кезеңін бастайды. Астанада Ербаян нейрохирург, профессор Гөкхан Акдемирдің бақылауында болады», – деді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, жақын арада Ербаянның ата-анасы емнің бірінші кезеңіне кеткен шығынды есептеп, толық ақпарат ұсынады екен.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүріп, 2023 жылдың желтоқсанында ауыр ми жарақатын алды. Салдарынан сарбаз комаға түсті. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазақстандықтар Ербаянның емі үшін 230 млн теңге жинап берді. Қыркүйектің соңында сарбаз Түркияға ем алуға кеткен болатын.