Ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері – Президент айқындап берген ел дамуындағы басты бағыттар.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жалпы ел экономикасында өсім де, түйткілді мәселелер де барын атай келе, әлем экономикасында тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер болып жатқанын, бұл үдерістің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты.
Осындай жағдайда Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керегін ескертті. Ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керегін және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс екенін еске салды.
Инвестициялық ахуалды жақсарту
Соңғы жылдары Үкіметтің алдына қойылған маңызды әрі жүзеге асуы ауадай қажет міндет – экономиканы әртараптандыру. Әуелде шикізат сатуға құрылған экономикалық жүйені өзгерту, әрине, оңай емес. Десе де, қолайлы инвестициялық ахуал жасау арқылы мүлде жаңа саладағы «ойыншыларды» тартуға болады.
Осы орайда Мемлекет басшысы елге инвестиция тарту саласында бірқатар кемшіліктер барын сынға алды.
— Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал. Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады... Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн, - деді Президент.
Сондай-ақ инвестиция көлемін арттыру үшін нақты тапсырма берілді.
— Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті, - деді Мемлекет басшысы.
Үнемдеуге үндеу, тариф саясаты
Энергияны, тіршілікке қажетті ресурстарды үнемдеу бұған дейін түрлі деңгейде айтылып келеді. Бірақ енді елімізде нақты тариф саясаты қолға алынатын сыңайлы.
— Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады, - деді Мемлекет басшысы.
Одан бөлек Президент елімізде суды үнемдеу саласында заманауи технологияларды енгізуді тапсырды.
— Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті. Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру
Мемлекет басшысы транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз екенін, мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керектігін атап өтті.
Сондай-ақ мынандай тапсырмалар берді:
- Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету;
- «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастау;
- Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту;
- «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын кеңейту.
Логистика бойынша Үкімет жұмысының басым бағыттарын да белгілеп берді:
- Озық логистика жүйесін енгізу;
- Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету;
- Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау;
- Заманауи технологияларды енгізу, қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану.
Одан бөлек тағы бір «шұғыл шаруаны» айтты. Ол - еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру.
— Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр, - деді Президент.
Цифрлық технологияны енгізу
Мемлекет басшысы Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жеткенін айтты. Бірақ толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиістігін, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет екенін ескертті.
— Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады... Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты нақты тапсырма берді.
— Жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн... Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын, - деді ҚР Президенті.
Ядролық кластер құру
Президенттің айтуынша, еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет.
— Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды, - дейді Мемлекет басшысы.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте екінші атом электр станциясын салу жоспарлары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Қазақстанға ядролық кластер құру үшін бірнеше АЭС қажет, бұл ядролық саланы дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды, соның ішінде уран өнімдерін өндіру мен ғылыми әлеуетті барынша қолдануды көздейді.
− Бүгінде бізге екінші стансаның орнын анықтау тапсырмасы берілді. Орынды таңдау кезінде болжамды энергия теңгерімін, жүктеме орталықтарына жақындығын және ұлттық электр желісінің даму деңгейін ескеретін боламыз. Абай облысындағы Курчатов перспективалық орын ретінде қарастырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша тиісті шешімді комиссия қабылдайды. Біз талдау жүргіземіз, − деді Энергетика министрі.
Салық-бюджет саясатын реформалау
Премьер-министр Олжас Бектенов өз баяндамасында салық саясатының жаңа бағытына тоқталды.
- Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты да әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Бұл біздің кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысының сөзінше, бұл өзгерістерден кейін пайда болатын қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды дамытуға, басым салалардағы перспективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру жоспарына түсініктеме берді.
- Қазір БАҚ-та қосылған құн салығының мөлшерлемесін бірден 20 пайызға көтереді екен деген ақпарат тарап жатыр. 20 пайыз деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме. Біз Үкімет ретінде әзірге нақты мөлшерлемені әлі нақты айқындаған жоқпыз. Шынымды айтып отырмын. Неге? Өйткені біз бизнесмендермен, қауымдастықтармен түрлі консультациялар жүргізіп жатқанымызға бір ай болып қалды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында кездесулер өткізіп жүрміз. Бізде бірқатар консультанттар, жетекші экономистер, салық мамандары бар. Олар да түрлі есептер, стресс-сынақтар жүргізіп жатыр, - деді вице-премьер.
Дегенмен Үкімет бұл бағытта бірнеше сценарий дайындап отырған көрінеді.
- Біз Ұлттық банктің макроэкономикалық моделінің негізінде бірнеше есептеулер жасадық. Бірақ үкімет түпкілікті шешім шығарды деп айтуға ерте. Біз ҚҚС-ті көтеру керек деп отырмыз. Реформа керек. Жалпы Мемлекет басшысы бүгін бұл тұрғыда бізді қолдады. Біз бұрынғы шарттармен өмір сүре алмаймыз. Өйткені қазір заңнаманың «арқасында» кәсіпкерлердің көбіне салық мөлшерін қысқартуға мүмкіндік беретін ресми саңылаулар пайда болған. Мемлекет әлеуметтік міндеттеме, елдің қорғаныс қабілетін арттыру сияқты өз функцияларын атқаруы керек. Егер салық жинамаса, Үкімет ол функцияларды қалай орындайды? Бұл даусыз мәселе деп ойлаймын, - деді Серік Жұманғарин.
Президент Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдады, бірақ толыққанды талқылап, әбден пісіру керегін баса айтты.
− Реформаны міндетті түрде жүргізу керек, ол бойынша еш күмән жоқ. Бірақ ең алдымен қоғамға, жалпы халыққа жақсылап түсіндіру керек қой. Оның бәрін талқылап, ойлану керек. Жалпы реформа керек деп айтып жатырмын, бұл реформаны мақұлдадым. Енді оны талқылау керек, зерттеу керек. Қазір Салық кодексі жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл жақсы нәтиже, бірақ биыл 2025 жылы Салық кодексіне не болмаса Бюджет кодексіне назар аудару керек. Қателікке жол жоқ. Сондықтан іске кірісіңіздер, − деді Мемлекет басшысы.
Агроөнеркәсіп кешенінің қуатын арттыру
Мемлекет басшысы былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шыққанын атап өтті.
— Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек, - деді ол.
Сондай-ақ Президент егіншілік және малдарды вакциналау мәселесін де айтып өтті.
— Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек. Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн.