BANNER

Сирияда жаңа президент сайланды

Фото: Aref Tammawi / AFP via Getty Images

Сирияда уақытша президент тағайындалды. «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Джулани Сирияның жаңа президенті болып сайланды. Шын есімі - Ахмед әл-Шараа, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Сирияның әскери операциялар басқармасы мәлімдеді. Сонымен қатар елде халық кеңесі, әскер, барлық қауіпсіздік қызметі мен жасақтар таратылды. Жаңа басшыға уақытша заң шығару кеңесін құруға рұқсат берілді. Әл-Шараның өзі желтоқсан айының соңында Сирияда сайлауды ұйымдастыруға төрт жылдай уақыт кетуі мүмкін екенін айтқан болатын, өйткені дауыс беру үшін алдымен халық санағы жүргізілуі керек. 

Сирияның жаңа басшылығы 60 жыл билік еткен Баас партиясын таратқанын жария етті. Партия 1963 жылы Сирияда төңкеріс арқылы билікке келген. 2024 жылы желтоқсанда биліктен кеткен Башар Асад 2000 жылдан бері партияның бас хатшысы болды.

Енді Сирияның жаңа президенті елден қашқан Башар Асадқа сұрау салды. Башар Асад пен оның жақын серіктестерін экстрадициялау туралы талапты Сирияның жаңа жетекшісі Ахмед аш-Шараа Ресей Федерациясының делегациясымен келіссөздер кезінде алға тартты.