Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Осы тұста Саранда орналасқан Қазақстандағы көлік және техника нарығындағы жетекші компаниялардың бірі «QazTehna» зауытында болдық. Компанияның өндірістік қызметіне терең үңіліп, цех шебері Олжас Серікболұлының жұмысымен таныстық.
Олжас Серікболұлы компанияда 4 жылдық еңбек өтілі бар біліктілігі жоғары маман. Өзінің айтуынша, компания алғаш ашылған уақыттан бастап жұмысқа қабылданыпты.
«Мен жұмысқа қабылданған кезде алдымен 3 айлық тәржірибеден өттім. Кейін компания өз қаражаты есебінен біліктілігімді жетілдіріп, кәсіби маман болып қалыптасуыма мүмкіндік жасады», – деді Олжас Серікболұлы.
Содан бері аз уақыт өтсе де жоғары кәсіби біліктілігінің нәтижесінде цех шебері лауазымына дейін көтерілген. Сонымен қатар, шеберлігі мен еңбекқорлығының арқасында еңбегі еленіп, Саран қаласы әкімінің «Қыран» жастар сыйлығының «Жылдың жас жұмысшысы» аталымына лайық деп танылған.
«Жастарға айтарым өздеріңіз таңдаған мамандық бойынша адал қызмет атқарыңыздар. Стивен Гайстың бір керемет сөзі бар «Аз-аздан, үздіксіз» деген, солай тынбай үздіксіз еңбек етсеңіздер үлкен жетістіктерге жетеріңіз анық», – дейді Олжас Серікболұлы.
Компанияның өндірістік қызметі жүйелі, бір ізге қойылған. Әрі еліміздің көлік және техника нарығында маңызды рөл атқарып келеді. Әрине, мұндай табыстың артында өз ісіне берілген, кәсіби мамандардың қажырлы еңбегі мен құлшынысы тұр.