Бүгін, 24 ақпанда Болгарияда бокстан Қазақстан құрамасы «Странджа» турниріне қатысады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Халықаралық турнир 24 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтеді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, биыл қазақстандық боксшылар Испания мен Сербияда өткен халықаралық турнирлерде үздік нәтиже көрсетті.
Көпшілік «Странджа» турнирін «кіші әлем чемпионаты» деп атайды. Аталған жарысқа биыл Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Мажарстан, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия және Болгария қатысады деп күтілуде.
Ел құрамасы сапында жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан, Париж Олимпиадасының жүлдегері Нұрбек Оралбай, Париж Олимпиадасының қатысушылары – Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Абылайхан Жүсіпов және өзге де тәжірибелі боксшылар өнер көрсетеді.
Халықаралық турнирге қазақстандық боксшылар 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық боксшылар 12 алтын, 16 күміс, 28 қола медаль жеңіп алған.