BANNER

«RoboLand 2025»: Қарағандыда робототехника мен инновациялық технологиялар фестивалі өтуде

Фото: Ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі

Қарағандыда «Жастар» спорт кешенінде «RoboLand 2025» Х мерейтойлық халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі өтуде.

Ауқымды және әлемге танымал бұл шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Әзірбайжан елдерінен 300-ден астам команда қатысуда, ал биыл географиясы Иран мен Болгарияға дейін кеңейді.

«RoboLand» – Қазақстандағы алғашқы және ең ірі робототехника жобасы, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялар бойынша ең ауқымды форум. Бұл жоба балалардың шығармашылық белсенділігін дамытуға, техникалық пәндерді танымал етуге, сондай-ақ білім беру робототехникасының мүмкіндіктерін көрсетуге арналған. Фестиваль Қарағанды облысының білім басқармасы, Оқу-әдістемелік білім беруді дамыту орталығы және «Kazdidac» қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бас демеуші – «Базисный магазин» ЖШС, ресми демеушілер – DIGISAV және Регион 715 компаниялары. «RoboLand» Қарағанды қаласында 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және бастапқыда оған тек Қарағанды облысының оқушылары – бес номинация бойынша 30 шақты команда қатысты. Дей тұрғанмен жылдан-жылға фестиваль кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Қазір халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысу үшін оқушылар іріктеу кезеңдерінен өтуі керек және тек ең мықтылар мен үздіктері ғана финалға жолдама алады. Оның үстіне мектеп командаларының қатысуы педагогтар үшін беделді және маңызды, себебі «RoboLand» Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалары мен конкурстарының тізіміне енгізілген.

Нәтижесінде мыңнан астам команданың ішінен 300 команда іріктелді. Биыл қатысушылар «Кегельринг», «Лабиринт», «Квадрокоптерлерді маневрлеу», «Футбол», «Теңге алу», «Шығармашылық санат» және басқа да 17 санат бойынша қызықты жарыстардың куәсі болды.

Ұйымдастырушылар биыл жарыстарға жаңа қызықты санаттар қосты. Мысалы, Fischertechnik санатында қатысушылар автономды робот құрастырып, оны шағын тапсырмалар сериясын орындауға бағдарламалады. Робот арнайы алаңдағы белгіленген траектория бойынша кедергілерден өтіп, тапсырмаларды қатаң ретпен орындауы керек. Қазылар тапсырмаларды дәл орындау мен трассаны өту уақытын бағалады. «Үлкен саяхат» санатында механизм үш сынақтан кезекпен өтуі тиіс: кедергілерді айналып өтіп, сызық бойынша жүру, лабиринт және кегельринг. «Жұптық теннис» санатында командалар доп беру, соғу және оны қарсы жаққа қайтаруға қабілетті роботтар жасауы керек болды.

Сонымен қатар роботтарды садақ атуға «үйрету» қажет болды – олар жасыл нысаналарға дәл тигізіп, қызыл нысаналардан қашып, маршрут бойымен автономды түрде қозғалуы керек.

Айта кету керек, фестивальдегі ең мықты команда Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары болды. Жақында олар 1-11 (12)-сынып оқушылары арасында робототехника және дрондар бойынша Орталық Азия халықаралық чемпионаты Almaty Tech Cup-2025 жарысында жеңімпаз атанып, алдағы Хьюстонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Фестиваль аясында дәстүрлі «Қарағанды кездесулері» өтті. Биылғы талқылау тақырыбы – «Білім беруді цифрлық трансформациялау: трендтер мен перспективалар», онда жетекші сарапшылар оқу процесіне цифрлық технологияларды енгізуді және STEM-білім беруді дамыту бойынша тәжірибе алмасуды талқылады.