BANNER

Оқу-ағарту министрлігі балаларға қатысты алаяқтық туралы ескертті

Сурет: Pixabay.com

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне жіті назар аударуға шақырады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта жасөспірімдерге бағытталған алаяқтық жағдайлары көбейіп кетті. Алаяқтар онлайн ойындар мен мессенджерлерді (әсіресе Telegram) пайдаланып, балаларды алдап, ата-аналардың банк карталарының деректерін қолға түсіруге немесе кәмелетке толмағандарды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартуға тырысады.

Балаларға ойын арқылы ұтыс ұтып алуға немесе «оңай ақша табуға» болады деп сендіріп:

• банк карталарының суретін CVV-кодымен бірге сұратады;

• карталарын «жалға беруді» ұсынады;

• достары мен сыныптастарының карталарын жинауды сұрайды.

- Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін — заң алдында жауапқа тарту қаупі бар және баланың психикасына, өмірге деген сеніміне зиян келтіреді, - делінген хабарламада.

Сіз не істей аласыз?

• Баламен ашық сөйлесіп, алаяқтың кім екенін және неге банк картасының деректерін ешкімге беруге болмайтынын түсіндіріңіз.

• Қауіпті арналарға жол бермес үшін ата-ана бақылауын орнатыңыз.

• Балаңыз интернетте кіммен, не жайлы сөйлесіп жүргенінен хабардар болыңыз.

Комитет осындай жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздікті күшейту бағытында жұмысын жалғастыруда. Алайда ең басты қорған — бұл отбасы ішіндегі сенім мен ашық әңгіме.

- Күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз. Балаларыңызға қамқор болыңыз — олардың қауіпсіздігі сіздің хабардар болуыңыздан басталады!, - деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.