“Бөрте” спектаклі арқылы танымал болған актриса, опера әншісі Айя Шәріп өміріндегі қиын кезеңді баяндады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Ол продюсер Баян Мақсатқызының “Алтын ханым” байқауына қатысуының басты себебі ұлымен қауышу екенін жасырмады. Актриса ұлы экраннан көріп, іздесе деп армандайды.
Айтуынша, 18 жасында тұрмысқа шыққан. Алайда күйеуімен қарым-қатынасы өте нашар болған. Күйеуі ресми түрде ажыраспай тұрып, ұлын балабақшадан алып, қашып кеткен. Актриса содан бері ұлын бір көруге зар болып жүргенін айтты.
"Жүрегімде жазылмаған жара, үзілмеген үміт бар. "Алтын ханым" байқауы арқылы 20 жыл көрмеген баламды іздеймін. Балам бес жасқа толғанда бұрынғы күйеуім тартып алып, Америкаға алып кетті. 25-ке толған Айбегімді әлі күнге дейін күтемін. Әрбір орындаған әнім – жүрегімнің айғайы, әрбір сомдаған рөлім – жандүниемнің қайғысы. Бұл байқау өнер сайысы ғана емес, мен үшін үмітімнің соңғы жалыны. ... Жолдасыммен 6 жыл бірге тұрдық. Сол жылдар мен үшін өте қиын өтті, ара-қатынасымыз нашар болды. Әке-шешем мені алып кетіп, құтқарды. Күйеуіммен ресми ажыраспай тұрып, ол ұлымды балабақшадан алып, қашып кетті. Кейін сот үлкен баламды әкесімен қалады деген шешім шығарды. Кіші балам менімен қалды", – дейді актриса.