BANNER

Балқаштан ізгі ниетпен: туристік қалада тұратын жасөспірім кәдесыйлар шығаратын стартапты іске қосты

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Балқаштық он үш жасар Илья Өтегенов кәдесыйлар өндіретін және сататын стартапты іске қосты. Жоба бір айдан аз уақыт бұрын ғана іске қосылғанына қарамастан, жас кәсіпкермен демалыс аймақтары мен кофеханалар желісі ынтымақтасуға ниет білдірген.

Балқашта демалыстан кейін туристер өзімен бірге естелік бір нәрсе алып кетуді қалайды. Оқушы оларға осындай мүмкіндік берді. Ол өзінің дизайны бойынша жасалған тоңазытқышқа жапсырылатын магниттер, телефон тіреуіштерін, Балқаш символикасы бар сағатқа тапсырыс берді. Өнімдер ағаштан жасалған. Кәдесыйларда Балқашта демалуға байланысты әзіл-сықақ сөз тіркестері жазылған.

Бизнес-идеяны баланың анасы қолдаған.

-  Илья өз бетінше ақша табуды армандады. Балқашта кино түсіріліп жатқан еді, баламызбен бірге түсірілім алаңында болып, бизнесмендердің бірімен таныстық. Ол Ильяға туристерге арналған қызметтерге қатысты бірнеше идея ұсынды. Сондан кәдесыйлармен айналысуды ұйғардық, өйткені біздің қалада ол жетіспейді, - деді Дариға Өтегенова.

Ол өзі Балқаш ағаш өңдеу цехымен байланысқа шығып, алғашқы тапсырыс туралы келісім жасасқан. Баласына өнімнің дизайны мен заңгерлік мәселелерімен көмектесті. Ал Илья цехқа өзі барып, өндірісті қадағалайды.

Олар кәдесыйларды төлем жасау үшін QR коды бар витриналар арқылы сатпақшы. Алдымен демалыс орындарының бірімен келіскен.

Сату нүктелері көбеюі мүмкін. Ынтымақтастық туралы ұсыныспен кофеханалар желісі шықты. Басқа демалыс орындары да қызығушылық танытты.

Дариганың айтуынша, ұлы үшін бұл маусымдық іс - тек жазға ғана.

-  Қазір ол стартапқа сүңгіп, оған көп уақыт бөледі. Әрине, мен ұлымның соншалықты белсенді екеніне қуаныштымын: кино түсіру, спорт, гитара, қазір стартап. Бірақ оның жасында ең бастысы - оқу. Сондықтан оқу жылының басында тоқтатуға тура келеді, - дейді баланың анасы.