BANNER

Қарағандылық оқушылар IQanat олимпиадасының финалында жеңіске жетіп, элиталық мектепте оқуға грант алды

Gov.kz

Қарағанды облысының сегізінші сынып оқитын жеті оқушысы Алматыда өткен IQanat республикалық олимпиадасының жеңімпаздары атанды. Олардың бесеуі IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында оқуға грант алды. Тағы екеуіне қамқоршылық гранттар берілді.

Соңғы кезеңге өңірдің атынан барлығы 30 ауыл оқушысы қатысты. Жеңіс үшін олар бірінші кезеңде 50 мың қатысушыдан іріктелген еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған финалистердің арасында бақ сынасты. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша қарағандылықтар жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Мектеп-пансионатта білім алуға гранттарды Әмина Төлеутаева мен Бекасыл Талғат (Шет ауданы), Дәулет Әмірхан (Нұра ауданы), Арсений Тюню (Абай ауданы), Асылан Бәшір (Бұқар жырау ауданы) алды.

Қамқоршылық гранттар Мейрамгүл Байболатқызы (Шет ауданы) мен Ғазиз Саментайға (Қарқаралы ауданы) табысталды.

-  Мен грант алғанымды білгенде әуелі оған сенбедім, - дейді Дәулет Әмірхан. - Қиын болды, бірақ мен жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Одан әрі оқып, өз мақсатыма қарай жылжи алатыныма мақтанамын.

Бұдан басқа, тағы жеті оқушы IQ Advanced жобасына қатысуға сертификат алды. Олар өз мектептерінде білім алуларын жалғастырады. Оған қоса IQanat мектебінің қарқынды оқу сессияларын меңгереді. Қалған финалистер үш жылдық олимпиададан кейінгі IQ-IP бағдарламасы: кәсіптік бағдар, менторлық, IT және тілдік курстар, Бурабайда оқу сессиялары аясында оқуларын жалғастырады.

IQanat қорының Қарағанды облысы бойынша үйлестірушісі Айман Мақажанованың айтуынша, жоба ауыл балалары үшін нақты перспективалар ашады.

-  IQanat мектебі ауыл балаларына өз әлеуетін ашуға көмектеседі. Жоба іске қосылған алты жыл ішінде 28 оқушымыз IQanat High School-ға оқуға түсті, - дейді Айман Мақажанова. - Біздің түлектер Nazarbayev University, Vytautas Magnus University (Литва), Қазақстан-Британ техникалық университетінде, SDU University, ЕҰУ және басқа да жетекші жоғары оқу орындарында оқиды.

IQanat High School of Burabay - емтихандарға дайындалуға, оқушылардың салауатты өмір салтын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жеке мектеп-пансионат. Білім беру моделі рухани бай тұлға мен қазақстандық бірегейлікті тәрбиелеуге негізделген.