Депуттаттар парламенттің сегізінші шақырылымының үшінші сессиясын аяқтап, каникулға кетті. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың жұмыс қорытындысын шығарды. Оның айтуынша, кезекті сессияның жұмысы "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" формуласын тиімді екенін дәлелдеді.
"Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Біз әрдайым мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда мемлекет басшысы өз жолдауында алға қойған басты міндеттер біздің жұмысымызға серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды", – деді Қошанов.
Сессия барысында парламент қарауында 158 заң жобасы болса, оның ішінде 89 заң қабылданған. Олардың ішінде – амнистия туралы заң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң, Қылмыстық кодекске, сондай-ақ Салық, Бюджет және Су кодекстеріне енгізілген түзетулер бар.
"Енді палата мүшелері заң жобаларын қарап қана қоймай, бұрын қабылданған заңдар жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатқанын да зерттеп-зерделейді", – деді мәжіліс төрағасы.
Келесі сессияда депутаттар Құрылыс кодексі, құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер мен банк қызметі туралы және басқа да заң жобаларын қарауға тиіс.
Айта кетейік, жыл сайын маусым айының соңында парламент сессия қорытындысын шығарып, депутаттар қыркүйекке дейін каникулға кетеді. Каникул кезінде депутаттар өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізеді.
Депутаттар каникулға кетті

Stan.kz