Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдерді 2035 жылға қарай қантты сусындар, алкоголь мен темекі бағасын 50% көтеруге шақырды. Осы арқылы қант диабеті, жүрек ауруларынан болған өлімді азайтуға көмектеседі деп санайды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа бастамасы "3-тен 35-ке" деп аталады. Ол темекі, алкоголь және қантты сусындармен күресуге бағытталған.
10 жылдық бағдарламаның мақсаты – қант диабеті, жүрек аурулары және онкологиялық аурулардан болатын өлімді азайту және денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы есебінде бұл өнімдердің бағасының бір реттік 50% өсуі алдағы 50 жылда 50 миллион өлімнің алдын алуға болатынын көрсетті.
"Денсаулық салығы – біздегі ең тиімді құралдардың бірі. Олар денсаулыққа зиянды өнімдерді тұтынуды азайтады және үкіметтер денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қайта инвестициялай алатын кірістер жасайды. Қазір әрекет етудің уақыты келді", – делінген ұйым мәлімдемесінде.
Бұл бастаманың алдағы 10 жылда 1 триллион доллар жинау мақсаты бар. 2012-2022 жылдар аралығында 140-қа жуық ел темекіге салықты көтеріп үлгерді. Бұл темекінің 50%-дан астам қымбаттауына әкелді.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы шілдеде Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекі шегуге қатысты жыл сайынғы кезекті зерттеуін жүргізді. Сауалнама республикадағы барлық өңірді, оның ішінде ірі қалалар – Астана, Алматы және Шымкентті қамтыды. Алынған нәтижелер бойынша, қазір халықтың 20,7%-ы темекі шегетіні анықталды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 19,4% болған.