BANNER

Маңғыстаулық жастар Қарағанды колледждерінде техникалық және медициналық мамандықтарды меңгеріп жатыр

Gov.kz

Маңғыстау облысынан келген жүзге жуық жас Қарағанды колледждерінде білім алуда. Олардың арманын жүзеге асыруға «Жарқын Болашақ» жобасы сеп болып отыр.

Студенттердің Қарағандыны таңдауы бекер емес: еліміздің ірі өнеркәсіптік орталығы техникалық және медициналық кадрлар даярлау бойынша алдыңғы қатарда.

Жаңаөзен қаласынан келген Берді Саду, Айбар Әжіғали мен Арайлым Қайнарова бүгінде Қарағандыда білім алып жатыр. Берді Саду Қарағанды машина жасау колледжінде токарь мамандығын меңгеруде.

— Қарағандыда сапалы техникалық білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға болады. Алғашында қиын болды: сызбалар, станокпен жұмыс. Бірақ уақыт өте келе сенімділік пайда болды. Қазір жасаған әрбір бөлшегім – мен үшін кішігірім жеңіс, — дейді Берді.

Ол колледжді тәмамдаған соң техникалық бағытта жоғары білім алуды жоспарлап отыр.

Осы оқу жобасының тағы бір қатысушысы – Айбар Әжіғали. Ол да машина жасау колледжінде, бірақ «техник-технолог» мамандығы бойынша білім алып жүр.

— Біз сызбалармен жұмыс істеуді, техникалық құжаттаманы оқуды үйрендік. Енді теориялық білімімізді өндірісте қалай қолдануға болатынын тәжірибе жүзінде көріп жүрміз. Колледжден кейін ЖОО-ға түсіп, болашақта өз ісімді ашқым келеді. Металл өңдеу кәсіпорнын құру – арманым, — дейді Айбар.

Оның айтуынша, кәсіптік-техникалық білім өмірге тез бейімделуге және еңбек нарығына икемді араласуға мүмкіндік береді.

Қарағандыны таңдағанына өкінбегендердің бірі — жоғары медициналық колледждің студенті Арайлым Қайнарова. Ол болашақ фельдшер.

— Маған мамандығым қатты ұнайды. Адамдарға көмек көрсетіп, пайдалы болғым келеді. Бұл мамандық қай кезде де сұраныста. Қарағандыда біз сапалы әрі жан-жақты білім алып жатырмыз, — дейді Арайлым.

«Жарқын Болашақ» білім беру жобасы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның операторы — Bilim Foundation корпоративтік қоры.

Жоба аясында 12 мен 22 жас аралығындағы балалар мен жастар Қазақстанның 11 қаласындағы үздік оқу орындарына оқуға түсе алады. Олар техникалық, гуманитарлық, шығармашылық және спорт бағыттарында білім алады. Жоба оқу ақысы мен жатақхана шығындарын, жолақыны және көтерме шәкіртақыны толықтай қамтиды.