Атырау облысы Құрманғазы ауданының бірнеше ауылында түйелер белгісіз аурудан жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайлы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш ауылдарында әр аулада 6-7 түйе ботасымен қырылып қалған деуге болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, былтыр да осындай жағдай болған. Бірақ осы маусымда індет ауқымы айтарлықтай өсіп кеткен. Әкімдік пен ветеринария қызметінің мамандары мал өлекселерін ветеринариялық қағидалар мен нормаларға сәйкес жойып жатыр.
"Менің өзімде 5 түйе мен 2 бота қырылып қалды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Біз тек малмен күн көріп отырмыз. Ауылымыздың бүкіл әл-ауқаты мал шаруашылығына тәуелді", – дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдолова.
"Нақты диагноз қойылып, халыққа көмек көрсетілсе деген өтінішіміз бар. Бұл мәселені жиі көтеріп жүрміз. Малдың қырылу себебін анықтау қажет", – дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Өтеген Үбішев.
Мамандар алынған сынамаларды зертханаға жіберді. Алайда Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық ауру қоздырғышын анықтай алмады. Індет көзі әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
"Облыстық әкімдік ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне індеттің нақты себебін анықтау үшін мамандар жіберу жөнінде хат жолдады. Қазір жауап күтіп отырмыз", – деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ықылас Азаматов.