BANNER

Қарағандылық айтыскер Семейде өткен республикалық айтыстың бас жүлдесін иеленді

gov.kz

Семей қаласында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық айтысы мәресіне жетті. Өнер додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 үздік айтыскер сөз сайыстырды. Олардың жартысы – әр жылдары «Алтын домбыраның» иегері атанған майталмандар.

Биылғы айтыстың ең биік тұғырына көтерілген қарағандылық ақын Мақсат Ақанов бас жүлдені жеңіп алып, автокөлік иегері атанды.

Описание: https://www.gov.kz/uploads/2025/8/11/ab8951c0c5f70becc809d1c3dc3f00a3_original.74812.jpg

– Біз жүлде бір өңірде ғана тұрақтап қалмасын, ең бастысы, ол өз лайықты иесін тапсын дейміз. Бүгін Мақсат Ақанов бас жүлдері тек жоғары ұпаймен ғана емес, айрықша шеберлігінің арқасында жеңіп алды, – деді марапаттау рәсімінде Абай облысының әкімі Берік Уәли.

Жеңімпаздың өзі бұл жетістікті ерекше бағалайтынын атап өтті.

– Бұл марапат мен үшін өте қымбат. Тіпті «Алтын домбырадан» да биік. Себебі бұл – Мұхаметжан ағамыздың тарихи жеңісінен кейінгі 30 жыл ішінде біздің өңірімізге келген алғашқы үлкен жеңіс. Осындай мүмкіндік бұйырғанына шексіз қуаныштымын. Баршаңызға алғыс айтамын, – деді Мақсат Ақанов.

Айтыс қорытындысы бойынша бірінші орынды алматылық Рүстем Қайыртай, екінші орынды Қостанай облысынан Айбек Қалиев пен Қызылорда облысынан Мейірбек Сұлтанхан, үшінші орынды Оралдан Жансая Мусина мен Абай облысынан Әсем Ережеқызы еншіледі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та жерлес ақынды жеңісімен құттықтады.

– Мақсат Ақанов Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған республикалық айтыста жоғары деңгейдегі ақындық шеберлігін көрсетті. Өз өнерінде руханият, отансүйгіштік, қоғамдық құндылықтар секілді маңызды тақырыптарды көтерді. Бұл – Қарағанды облысының абыройын асырған әрі жастарға үлгі боларлық лайықты жеңіс, – деді өңір басшысы.