Бокстан екі дүркін олимпиада чемпионы Марио Сесар Кинделан Меса қарағандылық спортшыларға жаттығулар мен шеберлік сабақтарын өткізді.
Кубалық жұлдызбен кездесу көпшілік үшін ерекше оқиға болды, ал әлемдік деңгейдегі спортшымен жүздесу жас боксшыларға олимпиадалық биіктердің қол жетімді екенін көрсетті.
Атақты спортшы Қарағандыдағы Е. А. Бөкетов атындағы ұлттық университеттің шақыруымен және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен келді. Сапардың алғашқы күндерінде Марио Кинделан дене шынықтыру факультетінің жұмысымен танысып, университеттің спорттық нысандарын аралады, студенттермен жүздесті және бокс мектебінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сабағын өткізді.
— Осындай жылы шыраймен қарсы алғандарыңыз үшін көп рақмет! Маған Қарағанды өте ұнады. Әр жерде ыстық ықыласпен қарсы алуда. Бұл сапар менің өмірімдегі маңызды оқиға болып қалады, — деді олимпиада чемпионы.
Бағдарлама өте мазмұнды болды: жастар арасындағы облыс чемпионатына қатысу, өңірдің ерлер құрамасымен бірлескен жаттығулар, мәдени нысандарды аралау.
Марио балаларға ерекше көңіл бөлді. Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында ол ең жас боксшыларға арнап жаттығу өткізді. Мұнда оны кезінде бір салмақ дәрежесінде қарсыласы болған олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов қарсы алды.
— Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Олар бар күштерін салады. Кішкентай боксшылармен кездесуден зор қуанышқа бөлендім, — деді Марио Кинделан. — Ересек шеберлермен жаттығулар да кем түспейтін әсер сыйлайтынына сенімдімін.
Бүгінде облыста 12 мыңнан астам бала боксқа қатысады, олардың шамамен мыңға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірде жоғары жетістіктер спортын дамытуға айрықша назар аударылып, болашақ чемпиондарды дайындауға жағдай жасалуда.
Қарағанды спортшылары үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Соңғы жылдардағы жарқын жетістіктердің бірі — Әділ Әбікенің бокстан әлем чемпионатында жеңіске жетуі.