Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен де қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның әкесін ұрып-соғып жатқан бейнежазбасы тараған еді. Кадрлардан бет-ауызы қан-жоса болған дәрменсіз қария көрінген. Әкесі орнынан тұра алмаған сәтте, ер адам әйелін шақырып, екеуі бірге ақсақалды сүйреп әкеткен.
Кейін белгілі болғандай, бейнежазбадағы оқиға Түркістан облысында тіркелген. Жәбір көрсеткен адам – өзінің қарт әкесін ұрып-соққан. Ал оның әйелі бұл әрекетке кедергі жасамаған.
Бейнежазба қария қайтыс болғаннан кейін ғана әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиғаны жасырын түсіріп алған көршісі жариялаған.
Қарт кісінің өліміне қатысты Түркістан облысы ПД Шардара аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК-нің «Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір ол сот санкциясымен қамауда отыр.
Сондай-ақ ұлының әйелі – келініне қатысты да тергеу жүргізілуде.
Әйелге қатысты ҚР ҚК-нің "Адамдар тобы жасаған ұрып-соғу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, оның ішінде қылмыстық процесс қатысушыларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Сондай-ақ жәбірленушіден немесе өзге де адамдардан полиция органдарына бұған дейін зорлық-зомбылыққа қатысты арыз-шағым түспеді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
Әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Видеодан скрин