BANNER

Қарағанды облысында өнеркәсіптік туризмлі дамыту көзделіп отыр

Фото: Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы

Қарағанды облысында ішкі туризмнің жаңа бағыты – өнеркәсіптік туризм қарқын ала бастады. Бұл істі дамытуға биыл құрылған Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы белсенді атсалысуда. Орталық командасы аймақтың өндірістік және мәдени әлеуетін біріктіріп, ерекше маршрут әзірледі. Осылайша жаңа бағыт – «Индустриялық Қарағанды» туры құрылды.

Алғаш болып бұл бағытпен туроператорлар, журналистер мен блогерлер жүріп өтті. Бір күн ішінде қатысушылар үш қала мен бір кентті аралап, аймақтың өнеркәсіптік және тарихи келбетін көзбен көрді. Сапар Теміртаудан басталып, Долинка ауылында түйінделді.

Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, туризм ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс. Президенттің айтуынша, Қазақстанның әр өңірінде өзіндік ерекшелігі бар тартымды туристік нысандар бар.

– Қарағанды облысы – табиғи сұлулығы мен бай тарихымен қатар, Қазақстанның өндірістік жүрегі саналады. Біздің мақсатымыз – тарих пен индустрияны бір арнаға тоғыстырып, өңірді жаңа қырынан көрсету, – дейді тур ұйымдастырушылары.

Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында қатысушылар металлургия саласының даму тарихымен танысты. Кейін олар QazTehna зауытында өндірілген трамваймен саяхат жасады. 

Теміртау – елдегі трамвай қатынасы сақталған санаулы қалалардың бірі. Сондықтан бұл көлік түрі туристер үшін ерекше тартымды нысанға айналуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ қонақтар Теміртау қысқы бағында болып, сапарларын Қарағанды қаласында жалғастырды. 

Мұнда олар тау-кен колледжінің оқу шахтасына түсіп, кеншілер өлкесінің өмірімен танысты. Экскурсия барысында көмір өндірудің нақты үдерісі мен өңірдің тау-кен өнеркәсібінің даму кезеңдері көрсетілді.

Бағдарламада Қарағандыдағы тұрмыстық химия зауыты мен Саран қаласындағы шина зауытына бару да қарастырылған.

– Экологиялық тұрғыдан таза тұрмыстық химия өнімдері туралы бұрыннан естіп келеміз, өзіміз де жергілікті өнімді қолданамыз. Бұл жолы оның қалай жасалатынын өз көзімізбен көру өте қызықты болды. Ал шина зауыты – шын мәнінде ірі өндіріс. Мұнда басынан бастап дайын өнімге дейінгі процесс кезең-кезеңмен жүзеге асады. Процесс өте әсерлі, – дейді инфотур қатысушысы, туризм саласының маманы Виталий Шуптар.

Саяхаттың соңғы нүктесі – Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай болды.

Visit Karaganda орталығы дәстүрлі экскурсиялармен қатар, онлайн-гид және цифрлық сервистерді де дамытып келеді.

– Бізде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот іске қосылды. Ол туристерге бағыт ұсынады, өңірдің көрікті жерлерімен таныстырады, қонақүйлер, жанармай бекеттері мен демалыс аймақтары туралы ақпарат береді. Ең қызығы – чат-бот 180 тілде еркін сөйлей алады, – деп атап өтті орталық директоры Бахтияр Бекмұрзаев.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі